10 Шілде 2020

Мұхтар ШАХАНОВ: ЕКІ АЛЫППЕН ҚОШТАСУ


08/02/2020 110 0

ЕКІ АЛЫППЕН ҚОШТАСУ

Атақты орыс ақынының былай дегені есімде:

- Арамыздан Твардовскийдің, Смеляковтың, Симоновтың кетуі әдебиеттің сапасына әсер етті. Олардың көзі тіріде: «Япырай, мына шығармама «рухани пайғамбарлар қалай қарар екен?» деген жауапкершілікпен үрей көңілде қатар жүруші еді.

Иә, әдебиетке  пайғамбарлық ету бүкіл ел рухына, бүкіл ел мәдениетіне пайғамбарлық ету деген сөз. Әуезовтен кейін бұл міндетті зор абыроймен, азаматтық тазалықпен орындаған Мүсірепов пен Мұстафин екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек.

- Әй, Ғабиден, -деген еді бірде Ғабең өзінің елу жылдан астам жұп жазбаған ескі досына, -қанатсыз қарттықтан асқан сорақы не бар? Қаншама ұзақ әрі мағыналы болғанымен нүктесіз сөйлем жоқ. Енді екі жыл ғұмыр кешсек жетпей ме?

Жүрегім су ете қалды.

Осы әңгімеден бір жыл кейін Ғабиден аға, екінші жылы Ғабит аға дүниеден қайтты. «Алыптар тобының» ең соңғы екі бәйтерегі қатар құлады.

Өмірін былай қойғанда, өлімінің өзін ерлікке айналдырған осы екі алыптың қасында өткізген санаулы күндерім, олардың аталық, ұстаздық ілтипат, сеніміне шомылған шақтарым күні ертең ғұмырымның ең сәулетті сәттеріне айналарына ол кезде қалайша терең мән бермедім екен?

Мына жырлар биліктің арнайы рұхсатымен, алыптар қабірі басындағы азалы жиында оқылған еді.

 

  1. ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
 

Қош бол енді, қасиеттім, қамқор белім, тірегім,

Ортамызда тірі жүрген қос алыптың бірі едің.

Қыран көзің жұмылғанша

Туған ел деп тынбай соқты жүрегің.

 

Сендей перзент туа алғанын елің тағы сезінсін,

Сезінсін де мейірленсін, ет-бауыры езілсін.

Бұл ғасырда қартаюдың үлкен өнер екенін

Жамбыл менен Кененнен соң дәлелдеген өзіңсің.

 

Таман жұртты тамсандырып тіктің өнер орманын,

Қош бол енді, біртуарым, қайталанбас тарланым.

Кең далаңды дарыныңның қанатына мінгізіп,

Дүниенің төрт бұрышын шарлады.

 

Таза күлу, таза жүру болды басты ұраны,

Келер күннің таза үніне түріп жатсын құлағың.

Алатаудай дара туған перзент едің о бастан,

Алатауды жамбасыңа жастық ете құладың,

Енді өзің де тауға айналып кетесің-ау, қыраным.

 

2.ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

 

Ғұмыр бойы тыным көрмей арпалысқан Ар үшін,

Шыншыл, адал мінезімен жақын еткен алысын,

Күллі қазақ өнерінің арқалаған намысын

Сенімен де қоштасар кез келгені ме, арысым?

Саған деген қошеметтің ұлан-ғайыр аумағы

Табытыңа бас иіп тұр қазақтың бар таулары.

Саған сәлем кең далаңған –жанарынан жас тамған

Саған сәлем жас буыннан – жазылмаған дастаннан.

Қай кезде де туған елге деген ұлы махаббат

Өз ұлтының даналарын қадірлеуден басталған.

Ғасырына қуат қосқан даңқыңды ешкім бөгемес,

Қазақтың сөз өнерінен бой көтерген Эверест.

Қадірлім-ау, ескерткіш қып сенің ұлы тұлғаңа

Көк тіреген Алатаудың өзін қойса көп емес.

 

0 пікір