21 Қазан 2019

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ» ҚАЛАЙ ТОҚТАТЫЛАДЫ?


03/10/2019 33 0

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ» ҚАЛАЙ ТОҚТАТЫЛАДЫ?

Бірнеше жыл бұрынырақ, ешкім әлі күтпеген,

Еңбек болды рухымызға «Қазақстандық ұлт» деген.

Бұл әрине, күллі әлемде дәл берілген бағасы,

«Американдық ұлттың» төте жобасы.

 

Төлқұжаттан  «ұлты қазақ» деген сөз ап тасталар,

«Қазақстандық» деген сөйлем бүкіл жұртқа «дос» болар.

Бәріміз бір ел атанып, ұлттық мүдде сорлайды,

Болашақта қазақ тілі, қазақ мектеп болмайды.

 

Бұған қарсы ой білдіріп, айттық, жаздық, таластық,

Амалсыздан ұран салып, жарияладым мен «аштық!».

Ұлтты жою зор қасірет емес пе еді расында,

Төрт мың адам мені қолдап,жатпақшы еді қасымда...

 

Бүкіл қазақ көтерілді, ой толғасып өрісте,

Ақырында дабылымыз айналды үлкен жеңіске.

Ойсыз қолдап ардақтаған, әлгі мұңлы ағымды,

Сол кезде де бізге қарсы жүректестер табылды:

 

Айналайын Мұхтаржан!

...Аяқ астынан елді елеңдетіп, қоғамды дүрліктірген «Қазақстанның ел бірлігі», «Қазақстандық ұлт» доктринасының жобасы әңгіме арқауына айналғаннан бері,сенің нілдей бұзылғаныңа алаңдай бастағанымыз жасырын емес... Қара қылды қақ жарып, әділетін айтатын болмысыңды білсек те, аяқ астынан ахуал туындатып, елді екі ұдай халге түсіргеніңді қолдамаймын, қалқам. Сен аштық жариялауға шақырып, кейбір әсіре ұлтшыл желөкпелерді желіктірме, айналайын!

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,

 «Қазақ әдебиеті» газеті №52, 2009 ж.

 

-Сіз «Қазақстандық ұлт» идеясын қолдайтын болдыңыз ғой?

-Әрине, қолдаймын!.. «Ұлт мүддесін қазір айтпасақ, айырылып қаламыз» дегеннің бәрі далбаса!.. Мен саясаттың адамы емеспін. Жалпы, ұлтқа үлесін қосқысы келсе, әркім өз орнында қоссын. Ақынсың ба-өлең жаз, актерсің ба- ойна, режиссерсің бе-қой, әншісің бе - айт!

 Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ

«Айқын» газеті, желтоқсан 2009 ж.

Кімдерге тиімді космополиттік болашақ?

Егер біз бүгінге бабалар көзімен қарасақ,

Тамырсыз,ұлтсыз туғанның бәрі,

Болса да тіпті заманға, заңға өтімді,

Әкесіз әрі некесіз бала секілді.

 

Тамырсыз дарақты,

Тамырсыз көк майса алапты,

Тамырсыз гүлдерді

Тамырлы тірлікте кім көрді?

Нақ солай адам да

Заманнан  заманға,

Санадан санаға,

Бабадан балаға

Жай көзге байқалмас тамырлар арқылы жалғасқан,

Адамды тамырсыз деушілер алжасқан.

Мазмұнды мақсаттың нарқы ұлы,

Бабалар сол тамыр арқылы

Ұнтақ боп кетуден ұрпағын қорғасқан.

 

Өз ана тілін – анасын мойындамағандар үшін,

Кереғар келетін ғалами,адами заңдарға,

Осынау қауіпті мәңгүрттік аңғарға,

Ойы мен бойын қамағандар үшін,

Оның қасірет-қуатын пайымдамағандар үшін,

Жүргендер үшін космополиттік ауызбен дем алып,

«Қазақстандық ұлт», әрине, таптырмас жаңалық.

 

«Американдық ұлттан» жол алып «қазақстандық ұлтқа»,

Айналмаймыз ба, тек қана тұрқы бар,

Қарын мүддесі үшін ғана жұлқынар,

Рухани сұрқы жоқ, ұлты жоқ «мазақстандық ұлтқа?»

Қай тілменен көзін ашса, сол тіл мен оның анасы,

Ой-талғамын кім меңгерсе, сол болмақ па панасы?

Сәби шақтан  жауланған соң тілі, рухы, санасы,

Өз тіліне жау боп шықты талай қазақ баласы.

 

Кім ұлтқа тас лақтырса, сол билікке ұнай ма?

Ұлтын сүймеу, қарсы шығу емес пе бұл Құдайға?

 

Екіжүзді мінезімен олар елді ластады,

«Қазақстандық ұлт» - керемет» деген ұран тастады.

 

Рухын тартыс тоқтысы еткен қаптап кетті көкпарлар,

Бұл зорлықты көрген сайын намысыңды от шарлар.

Қызметінің ыңғайымен ұлт мүддесін сақтаңдар,

Сендерге де есеп берер күн келеді, тоқтаңдар!

 

Мәселе айқын: «Қазақстандық ұлтты» жақтап жол беру-

Ол, әрине, ұлтты жоям дегендерге қол беру!

 2009 ж.

0 пікір