21 Қазан 2019

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАШАН, ҚАЛАЙ ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЛДЫ?


05/10/2019 64 0

Берілсе де ел жасық, үркек сезімге,

Сонау Кеңес Одағының кезінде,

Қалың бұлтты жарып шыққан арайша,

«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» атанды қалайша?

 

Кремльде, Горбачевтің алдында,

Орыс тілін қалдырардай жаңбырда,

Қолдау тапқан талай ұлттық санадан,

Бүкіл Кеңес Одағына тараған,

Тек билікке ғана қалған ұнамай,

Менің қайсар сөзім болды мынадай:

 

«... Именно на нашем сьезде, мы должны принять декрет о статусе государственного языка коренной национальности Союзных и Автономных Республик, Автономных областей, национальных округов и малых народностей, а также решить очень обострившийся вопрос о судьбе советских турок и крымских татар, которые до сих пор чувствуют себя изгнанниками в своей стране».

М.Шаханов,

Москва, Кремль.

Из выспутлений на первом сьезде

Народных депутатов СССР, 1989 г.

 

Сол кезеңде бірге жүрдім талай ойшыл, асылмен.

Дағыстанның ұлы ақыны Ғамзатұлы Расулмен,

Жол тартқандай билік – сағым тауына,

Бірге бардық басшы қабылдауына.

 

Билік парқын алға сап,

Мені көріп, шошып қалды Горбачев.

Бірақ Расул сөз бастады ойменен:

« Мына Мұхтар Кремльде сөйлеген,

Пікірінде Кеңестегі республикалар Одақтас,

Автономды республикалар және оларға қанаттас,

Өз тілдерін мемлекеттік тіл етсін,

Сұрқы қашып тұрған ұлттар рухын солай түлетсін!»

Деген еді, бұған қалай қарайсыз?

«Әлде Мұхтар сөз айтты ма қолайсыз?

 

– Мен де ойландым – деді ол күліп – бұл аз ұлттар сұрағы,

Оған жәрдем ету сірә бүгінгі өмір құралы.

Бірақ, бірақ орыс тілі

Барлық ұлттың төбесінде тұрады.

Бұл игі ойға неліктен бас шайқайын,

Жақын күнде телеарнадан осы жайлы айтайын!»

 

Ол уәдесін орындап, елге былай тіл қатты:

«Әрбір ұлттың тілі, рухы қымбатты.

Автономды және Одақтас республикалар «қажет» деп,

Өз тілдерін мемлекеттік тіл жасаса өзектеп,

Біздер қарсы болмаймыз,

Жасамаса, жасаса да қолдаймыз!»

 

Горбачевтің бұл тілегін барлық ұлттар құп алды,

Көпшілігі мақтан тұтып дабырласа қуанды.

Өзбек, Қырғыз, Әзірбайжан елдері,

Өз тіллдерін Мемлекеттік тіл еткізіп өрледі.

 

Бірақ қазақ жерінде,

Әсіресе, үлкен билік төрінде,

Орыс, қазақ тілін бірдей мемлекеттік тіл ету,

Екі тілдің абыройын бір ету,

Мақсатында басшы, қосшы ұғысқан,

Жүріп жатты көп жасырын жұмыстар.

 

Ғалымдар да жағымпаздар төсегіне құлай кеп,

Баспасөзде ой білдірді былай деп:

 

Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл туралы айтыстарда, тартыстарда кейбіреулер орыс тілін төмендетіп, оны екінші қатарға ысыруға күш салуда... орыс тілін өйтіп әлсіретсек, Кеңестер Одағының бірлігіне нұқсан келмей ме?

Смет КЕҢЕСБАЕВ,

Қазақ тілін зерттеуші ғалым,

Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі

Мәскеу, «Красная звезда» газеті,

22 тамыз 1989 жыл.

 

Қазақ және орыс тілі қатар мемлекеттік тіл саналсын!

Б.ИРМУХАНОВ,

Алматы педагогикалық инистутына қарасыт

Шет тілдер инистутының ректоры, профессор

«Казахстанская Правда» газеті, 10 қыркүйек 1989 ж.

 

120- дан астам ұсыныстарда «қазақ және орыс тілі бірдей мемлекеттік тіл болсын» деген тілек білдірілді.

А.Н.КАРКАВЕЦ,

Филология ғылымдарының докторы,

Қазақ КСР Ғылым Академиясы

Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі.

«Казахстанская Правда» газеті, 16 қыркүйек 1989 ж.

 

Алматыда, Парламентте тілді қорғау жоспары,

Осылайша өз жұмысын бастады.

Енді бұл іс 22- ші қыркүйекте қаралмақ.

Күндіз-түні тек соны ойлап алаңдап,

Сөз сөйлемек ойда жүрдім ештеңеден бөгелмей.

«Су тимейтін сабан болмас,

Қорсылдамайтын қабан болмас,

Ауырмайтын адам болмас» дегендей

Жүрек күшім тым нашарлап, айырлып өр күйінен,

Бір- ақ шықтым аурухана үйінен.

 

Пейілінен бір сенбеген ұлттық мүдде тасқыны,

Министрлер Кеңесінің аурухана бастығы –

Айтқазинов Мұхтар мырза көңіл сұрай келгенде,

Ызалы ойлар атой салды кеудемде:

«Тағдырымыз бағыт бұрды қиынға,

Егер ертең мен бармасам жиынға,

Орыс тілі мемлекеттік тіл болмақ.

Ойлаңызшы, болашақта қазақ халқы кім болмақ?»

Дегенімде: «Жоқ сіз сөзсіз барасыз,

Қалай өмір сүрмекпіз біз, тілсіз, ұлы анасыз.

Қалай жерге таптатпақпыз бабалардың сенімін»

Деп ұсынды қасыма дәрігерін және өзінің көлігін.

 

Мен жиынға  келісімен,

Күш жинап өрісінен,

«Тек қазақтың тілі ғана мемлекеттік тілболсын»

Дедім және «Қарсыластар тағдырына мұң қонсын!»....

Нақ сол тұста жиын басы Қилыбай Медеубеков,

Қос тілділер беделін желеулетіп:

«Алдымен жұртты дауға іліндірмей,

Қазақ,орыс тілін бірдей

Мемлекеттік тіл жасауды біз дауысқа саламыз!

Егер ол іс өтпесе,

Қос тілділік арнасынан шеттесе,

Шахановтың ұсынысын сонда есепке аламыз!»

Деп дауысқа қойған кезде,

Даңқ әперіп билікшіл ойран көзге,

Қос тіл бірдей мемлекеттік тіл атанды шаттана,

Мен жағында 27 дауыс қалды тек қана.

 

Депутаттар- көбі шала қазақтар,

Құтылғандай қазақ тілі деген жөнсіз азаптан,

Бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп,

Масайрады ой-мақсаты түйісіп.

 

Зорлық барда шындық парқы білінбек...

Өзімді-өзім ұстай алмай, аяқ қолым дірілдеп,

Бағыт алдым нән мінбеге төрдегі.

Кейбіреулер айқайлайды, тіпті қолын сермеді:

«Тоқтатыңдар ана ақынды,мұндай зорлық бола ма?

Оның мисыз ұсынысы қалған жоқ па далада!»

 

Шындығында да, қос тілділік шықты дара белеске!

Енді менің бұл қимылым «ақымақтық»емес пе?

 

Алған беттен қайта алмадым,

Мінбеге кеп айқайладым:

«Съезде айтқан ойларымды Горбачевтің қолдауы,

Және оның тіл туралы жолдауы,

Аз ұлттардың әлсіз тілін мемлекеттік тіл етті....

Біздер қалай сыйламақпыз ұлтсыз, тілсіз жүректі.

Жоқ, енді біз тоқталмаймыз, қалың елге барамыз,

Қалың елде тілектес көп, сонда баба, анамыз.

«Жепутаттар» қала берсін ұлттық рухпен сынасар,

Мұның соңы екінші үлкен «Желтоқсанға ұласар!»

 

 

Депутаттар ызаланды, бір қызарды, бозарды.

Осы кезде Назарбаев сөз алды:

«Кезең туды өзгеше, әм ауыспа!

Шахановтың ұсынысын қайта салып дауысқа,

Етіп қайта төрелік,

Қайта дауыс берелік!»

Деген кезде ешкім қарсы болмады,

Медеубеков оны жылдам қолдады.

Назарбаев бірінші боп қол көтерген кезеңде,

Билік рухы қайта құлап түскендей боп өзенге,

Үзе алмастан тілдік, ұлттық  шідерді,

Депутаттың көпшілігі дауыс беріп жіберді.

 

Сөйтіп менің «жындылығымның» күшінен,

Елбасының және «қолдау» ісімен,

Қазақ тілі аман өтіп қақпаннан,

Мемлекеттік тіл боп қалған!

 

Қырсық қылғанда, Қазақстандағы Жоғарғы Кеңестің екі тілге де мемлекеттік мәртебе берген нұсқасы өтті де кетті. Кенет мінбеге КСРО Халық депутаты, ақын Мұхтар Шаханов көтерілді. Мұндайды күтпегенбіз. Себебі, заң қабылданып қойды ғой. Шаханов қатқыл түрде: «Біздің ел қазақ тілінің жеке дара мемлекеттік мәртебе алуын күтіп отыр. Олай болмаса, Желтоқсан оқиғасы қайталанады» дегенге тіреді. Сөйтіп еді, Нұрсұлтан Әбішұлы: Шахановтың ұсынысын қайта дауысқа салайық!» деді. Үміт қайта жарқ етті. Егер Мұхтар Шаханов шығып дауыс көтермегенде, күні бүгінге дейін екі тілге бірдей мемлекеттік мәртебе әпереген заңмен жүретін едік. Онда қазақтың өте үлкен бөлігі мүлдем орыстанып, қазақ тіліне деген ынта-ықылас төмен құлдырар еді.

                                                                            Әбдуәлі ХАЙДАРОВ,

                                                   Академик, «Қазақ тілі» қоғамының бірінші төрағасы

 

 

Бірінші дауыс беруде мемлекеттік тіл болып екі тіл өтіп кетті. Осы тұста күрескер ақын, депутат Мұхтар Шаханов жанқиярлық жасап, екінші рет дауыс көтермегенде... тарихта қазақ тілінің маңдайына жеке-дара мемлекеттік тіл болу жазылмас еді...

                                                                            Смағұл ЕЛУБАЙ

                                                                             Қоғам қайраткері

 

Мұхтардың сол жолғы мінезі-айтыла жүрер ерлікке барабар оқиға!

                                                                            Балташ ТҰРСЫНБАЕВ

                                                                             Қоғам қайраткері

0 пікір