21 Қазан 2019

МҰХТАР ШАХАНОВ: ХАЛЫҚТАН АҚША АЛСАМ, МЕНІҢ АЗАМАТТЫҒЫМА СЫН БОЛАР ЕДІ


12/09/2019 46 0

Белгілі ақын, мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов жүрек ауруымен ауырып жатқанынан көзі қарақты оқырман хабардар. Шахановты емдеу үшін арнайы есеп- шот ашылғаны жайында мерзімді басылымдар бетінде жарияланды. Жақында ол кісіге операция жасалады деп естідік. Мұхаңның жағдайын білмек ниетпен оған хабарласқан едік. Енді мән- жайдың қалай болып жатқанын ақынның өз аузынан естиік.

- Мұхтар аға, қазір қайдасыз?

- Қазір Стамбұлдың клиникалық ауруханасында жатырмын.

- Жағдайыңыз қалай?

- Осыдан бірнеше күн бұрын жүрекке операция жасады. Дәрігерлер жүректегі үзілген екі тамырды қайта жалғады. Жаңағы үзілген тамырлардың арасынан жұқа аппарат жібереді екен. Бірақ бұл бірінші этапы. Енді бір аптадан кейін елге қайтамын. Сосын үш ай бойы дәрі ішу керек. Ол дәрі жүректе бекітіліп қалған тамырды ерітеді екен. Егер ерімесе, үш айдан кейін қайтадан операция жасау керек.

- Сіздің емделуіңізге үкімет көмектесті ме?

- Үкіметке рахмет. Олар менің емделуіме көмектесеміз, қаржысын көтереміз деген. Бірақ түріктер ешкімге салмақ салмай, бәрін өзіміз жасап береміз деп отыр. Өйткені менің кітаптарым Түркияда да кеңінен тараған. Сонымен қатар қайбір жылы «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілген.

- Өткенде сіздің ауруыңызға байланысты есеп- шот ашылып еді...

- Ана бір балалар маған қаржы жиған екен. Бірақ мен оны алмаймын дедім. Маған ол қаржының керегі жоқ. Өйткені жұрт зейнетақысынан, айлығынан, одан қалды бала- шағасының аузынан жырып маған бергені жарамайды. Онсыз да жағдайлары жетісіп тұрмаған  халықтан ақша алсам, менің азаматтығыма сын болар еді.

- Сонда есеп- шоттағы ақшадан  бас тарттыңыз ғой....

- Иә. Ол есеп- шоттағы ақшаның бір тиынына тигенім жоқ

- Халқыңызға не айтасыз?

- Біздің қазір ұлт болуымыз бірінші мәселеге айналып тұр. Тіліміз жойылып барады. Сондықтан осындай кезеңде жұмыла жұмыс істегеніміз жөн. Ұлттық болмысымызды, қасиетімізді сақтап қалуымыз керек. Сондықтан осындай игі істердің басында жолығайық.

 

Қоңырау шалған-Ержан.

Ақ жол Қазақстан №5(128)

11 ақпан, 2005 жыл

0 пікір