21 Қазан 2019

Мұхтар Шаханов, ақын, қоғам қайраткері: Билікке ҚАЗАҚТЫҢ САНЫ аз болғаны жақсы..


06/10/2019 43 0

«Тәуелсіздікті қорғау халықтық қозғалысы», Мұхтар Шахановтың жігіттері қазір не тындырып жатыр?» деген сұрақ редакция телефонына тыным бермейтін болды. Осы жөнінде оқырман қауымды хабардар ету үшін, Мұқаңның өзіне сөз тарттық.

- Мұқа, Сіздің Астанаға барып қайтқаныңызды естідік. Билік өкілдерімен жолыққан көрінесіз. Қандай келіссөз болды?

- Жақында Астанада Президент әкімшілігі Ішкі саясат департаментінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, мен және басқа билік өкілдерімен жолықтық. Біз сегіз адамнан тұратын топ құрып бардық. Ұзақ келіссөзден кейін бірлесіп талқылар жоба негізінде «Ел бірлігі доктринасы» емес, біз ұсынған «Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы» алынатын болды.

- Бәрекелді, мұныңыз жақсы нышан екен… Тағы қандай жағымды жаңалық айтасыз?

- Біз өз тарапымыздан он адамнан құрылған топ ұсындық. Билік тарапынан да он адам қатысып, өзара тепе-теңдік сақтауға келістік. Жобаның мазмұны үтір-нүктесіне дейін тек келісім арқылы жүргізілетін тоқтамға келдік.

- Сонан соң...

- Алғашқы конституцияға орын алған «қазақ халқы- мемлекет құрушы ұлт деген анықтама 1995 жылы алынып тасталған еді. Біздің мемлекетіміздің саясатында орнықты ұлттық идеология бұған дейін болған емес. Сол себепті ұлттық мүдделер ұдайы шегініс жасаумен келгенін жұртшылық жақсы біледі. Бірлескен жұмыс осы мүдделерді ендіру төңірегінде жүруі керек.

- Жұмыс тобына кімдер қатысады?

- Жұмысшы тобына бізден Амангелді Айталыны, Дос Көшімді, Айдос Сарымды, Нұр-Ахметті қостық. Олар билік тарапынан іріктелген адамдармен бірлесіп, тұжырымдаманың қара жұмысын аяқтаған соң, комиссия мүшелері жиналып талқылаймыз...

- Билік тарапынан алдап кету мүмкіншілігі жоқ дей алмаймыз. Анау жылдары «ПДС» кейіннен «НКВД» дегенді құрып, ақыры, оппозиция өкілдерін тақырға отырғызып кеткенін жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Егер сол сияқты оқиғалар орын алып жатса, не істейсіздер?

- Ұлттық мүдденің басты мәселелері іріктелді. Соларды заң жүзінде күнделікті өмірімізге енгізуге бар дәрменімізбен күш салатын боламыз. Егер билік ұсыныстарымызды орындамайтын құлық танытса немесе қойған талаптарымыз ескерілмесе, біз, сол он адам, орнымыздан тұрамыз да кете барамыз. Онан кейінгісі белгілі: келісе алмаған тұсымызды жұртшылыққа жария етеміз. Билікке сенімсіздік шарасын да қарастыратын боламыз.

- Қазақстанда сайлау туралы заңға нақты өзгерістер кірмей, бір рет болса да, әділ сайлау өткізбей еш нәрсе өзгермейді. «Баяғы жартас-бір жартас» қалпында қала бермек. Тұжырымдама жобасын оқыған сарапшылар осындай пікір айтады. Бұған не дейсіз?

- Тұжырымдама, өзіңіз айтқандай,әзірше жоба. Әлі де ішінде қосып-алатын дүниелер баршылық.

Мәселен, «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң болуы керек. Ол күні бүгінге шейін мемлекеттік қажеттілік дәрежесінде ескерілмей келеді. Парламент депутаты кезімде премьер-министрдің алдына осы мәселені қойғанмын. Ол кісінің тапсырмасымен арнайы заң жобасы да әзірленген. Бірақ, өкініштісі, Ақордаға барған кезде тоқтап қалды. Тіл туралы заң бізге ауадай қажет. Көп мәселенің түйіні осы заңға байланысты. Заңды мемлекеттік тілде телеарна ашу, инновациялық орталық құру, т.б ұлт үшін зәру талаптар қамтылған болатын.

Тағы бір қоятын саяси талабымыз-бізде екі парламент бар. Өйткені Қазақстан Халқы ассамблеясы парламент деңгейіне көтеріліп отыр. Бізден басқа елде мұндай жағдай атымен жоқ. Ол аз дегендей, Ассамблеяның тоғыз адамы президенттің тағайындауымен  парламентте де депутат болып отыр. Біз Қазақстан Халқы ассамблеясын мойындамаймыз. Сондықтан біз әзірлейтін құжат Ассамблеяның атынан емес, оған президенттің өзі қол қоюы қажет, я болмаса парламент атынан қабылдануы керек!

- Өткен жылғы санақта ұлтымыздың құрамы 67,8 пайызды құрады деп мәлімдеген билік бұл көрсеткішті биыл 63,7 пайызға түсіргенін білесіз. Бұл нені білдіреді?

- Халықаралық үрдіс бойынша бір мемлекеттің негізгі халқы 67 пайыздан асатын болса, моно (біртұтас) ұлт боп есептеледі екен. Өткен жылғы халық санағында қазақтар 67.8 пайызды құрады деп жарияланды. 2009жылдың басына дейін елімізде 129 ұлттың өкілі тұрады деп келдік. Санақтан кейін бұл көрсеткішті 140-қа шығарып жіберді. Бұның бәрі қолдан жасалған. Солардың ішінде 81 ұлттың жан саны 500-ге жетпейді. Базбір ұлт өкілдері екі-үш, тіпті бір адам ғана. Кейбірі өз анна тілінде «нан бер» деген сөзді де айта алмайды. Біз президентке 124 адам қол қойған ашық хатымызды көрсеттік.67.8 пайыз деген көрсеткішті сол кездегі статистика агенттігінің басшысы ғана емес, премьер-министр  де рестаған болатын. Мен қоғамдық ұйымдар басшылары жиналған кездесуде: «Енді билік осы өздері мәлімдеген 67.8 пайызды амалын тауып төмендететін болады»,-деп едім. Айтқаным дәл келді. Билік қазақ халқының санын 63.7пайызға құлдыратты. Олардың қазақтың нақты санын азайтып көрсету арқылы ұлттық мемлекет құрудан жалтарып отырғанын аңғару қиын емес. Францияда-180-дей, Түркияда  150-дей, көршіміз Өзбекстанда 135  ұлттың өкілі тұрады екен. Алайда олардың біз сияқты «көп ұлтты елміз» деп жар салғанын көрмейміз. Әрқайсысы өзінің ұллттық мемлекетінде ынтымағы жарасып, негізгі ұлттың төңірегіне топтасып отыр емес пе?

- Сіз ақын-жазушы ретінде жалпақ қазаққа таныс тұлғасыз. Сондықтан халықтың сөзін сөйлегендіктен, жалпы халықтың қолдауынан де кенде емессіз. Ал оппозициялық партиялар Сізді қаншалықты жақтайды?

- Біз «Азат» партиясы, Қазақстан Компартиясы, «Ақжол», тіркелмеген «Алға!» мен «Халық рухы» партиясы  сондай-ақ 40-тан астам қоғамдық ұйыммен бірлесіп, «Тәуелсіздікті қорғау халықтық қозғалысын» құрдық. Әр партияның өзіндік мақсаттары, талаптары, мүдделері бар. Барлығымыз басты- басты ұлттық мүдде төңірегінде ғана бірлесе жұмыс жасауға келістік.

- Қозғалыстың құрылымы қалай болады?

- Бұл осы аптаның ішінде шешіледі. Бүгінге дейін Ұйымдастыру комитеті жұмыс істеп келді. Негізгі мәселелер айқындалды. Алдымыздағы жұма күні халыққа жариялаймыз.

- Айтпақшы, денсаулығыңыз қалай?

- Үндемей үйде бұғып жату маған да тиімді. Өйткені денсаулығым керемет деп мақтана алмаймын. Екі рет инфаркт алдым. Өткен жылы жүрегіме төрт сақина салынуы керек еді. Соның екеуін ғана салдыруға мүмкіндігім болды. Екі сақинаны салдыруға қаржым жетпеді.

- Ақын –жазушылар арасында мемлекеттік марапаттау дәметіп жүретіндер кездеседі. Сіз одан саусыз ба?

- Мен үшін ұлттық мүддеден артық ештеңе жоқ. Сөздің ашығы-ешкімге тәуелді болғым келмейді. Менің түсінігімде: Отан-біздің ең қасиетті анамыз. Әркім өз Отанына сіңірген еңбегі үшін жылу дәметпеуі керек. Бірақта Отанның да өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы –шарт. Оны ешкім жоққа шығармайды. Ол әділетті болуы керек. Қазіргі шақта кез келген заңдастырылған үлкен ұрының екі ордені, үш медальі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді.

Сондықтан да мен мемлекеттік марапаттаудың барлық түрінен бас тартқан адаммын. Шетелдің сыйлықтарын аламын. Жиырмадан астам мемлекеттің сый-сыяпатын иелендім. Өйткені ол- белгіллі деңгейде шетел қауымының біздің ұлтқа деген құрмет сезімін әйгілейді. Енді мені ешкім: «Шаханов елге арнаған қызметін «Халық  қаһарманы» немесе алған үшін жасады»,-деп кінәллай алмайды. Егер ұлт мүддесі  үшін күрессем, ол менің азаматтық борышым ғана.

- «Шаханов бастаған ісін ақырына дейін жеткізбейді» деген пікірге айтар уәжіңіз бар ма? Желтоқсан комиссиясына қатысты осындай сөз айтылды.

- Ол-әділетсіздік! Өйткені Желтоқсан шындығын  әйгілеу тұсында қандай жұмыстар атқарылғандығын көпшілік бейхабар. Менің сол кезде билікпен қалай айқасқанымды білмейді. Болған бес комиссияның екеуі ғана елге аян. Мұның бәріне «Желтоқсан эпопеясының»2-ші, 3-ші кітабы жарыққа шыққан соң ғана көз жеткізеді.

- Саясатқа белсенді араласып жүргеніңізге байланысты билік тарапынан қандай бір қысым көрген жоқсыз ба?

- Билік «Мұхтар Шахановтың сөзі тіпті махаббат туралы әндерін де радио мен теледидардан бермеңдер» деп тапсырыс берген сыңайлы. Жуырда маған радионың бір қызметкері өз басшысының осылай дегенін әңгімеледі.

Қаңтардың 30 күнгі жерді жалға беруге қарсы үн көтерген митингі бұрын ұлттық қауіпсіздік саласына қызмет атқарған бір азамат жолығып, жұмыс кабинетіме отырардан бұрын үстел үстін қолыммен ұстамауымды, алдымен сулы шүберекпен тазалап алуымды мұқият ескертті. Өйткені дене тисе, үш-төрт айдың ішінде о дүниеге аттандырар дәрі жағып кетуі мүмкін көрінеді. «Мен мұны сізге себепсізден себепсіз айтып отырған жоқпын» деді ол... Иә, қазіргі қарсыластардан бәрін күтуге болады.

- Ұлттарға деген көзқарасыңыз қандай?

- Біздің саясатымыз ешқандай ұлтқа қарсы бағытталмайды. Қазақ халқының ішіндегі басқа ұлттардың тілін, мәдениетінің сақталуына, өсіп-өнуіне кепілдік ете алады дегенді түсіндіре білуіміз шарт. Біз кешегі күнге де қазақтың өзгеден көрген теперісін ешбір ұлтқа телігіміз келіп отырмағаны белгілі. Бар болғаны мынау аласапыран жаһандану заманында қазақ ұлтын өзгеге  жұтылып кетпеуі  үшін, өзгелер мен терезесі тең  болуы үшін күресіп жүрміз. Біздің халық еш уақытта басқа ұлтқа көз аларта қараған емес. Бізде жақсы үрдісті жалғастыра беретін боламыз.

- Ендеше, жол болсын тілейміз, Мұқа!

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ

«Общественная позиция», №7(44)

17 февраля, 2010 года

0 пікір