21 Қазан 2019

Махаббат жыршысы - МҰХТАР


10/08/2019 53 0

Студент кезімізде мейлі жиын-болсын, мейлі әдемі кеш болсын, барлығы да өлең оқудан басталатын. Әрине, ең бірінші Мұхтар ағаның махаббат дастандары оқылады. Тіпті туған күндердегі ең әдемі тілекті де

«Бүгін, міне, сенің туған күніңде

Қандай тілек айтсам екен, бауырым!» - деген шумақтармен бастаушы ек. Ол тек өнерге, әдебиетке жақын бізде ғана емес, барлық студент –жастардың отырысында осылай жалғасып жататын жазылмаған заңдылық секілді еді.

Қара өлеңнің құдіретін түсінер әркімнің де Мұхтар ағаның өлеңдерін жаттап өскені рас. Оның себебін санамалап жатпай-ақ қояйық. Ең бастысы, ақын өлеңдерінің әркімге болса да соншалықты жақындығы, көкейіндегі көк дөнеңді дөп басатындығымен де биік тұрады. Оның өлеңдері- өмір. Сосын әрине, өміршең. Түйткілі көп тірліктегі адами қатынастарды, махаббат, сұлулық, адалдық, достық, зұлымдық секілді мәңгілік мәселелерді өзгелердей емес, өзгеше тілмен суреттейді. Оның жырларындағы туған жерге, елге деген сүйіспеншілігі дәл өзіңнің жүрегіңнен шыққандай жақын. Ақын болмаса да, көп жандардың аға өлеңдерін жатқа оқитыны сондықтан шығар деп ойлаймын мен. Қайталап оқыған сайын тіпті тарихы терең Отырар өз ауылындай, Арыстың сылдыр сыңғыры, ондағы кішкентай ауыл, жатаған  там да өзіңдікі сияқты. Мен кейде тілін білмей мәңгүрт боп, елін-жерін сатып ербеңдеп жүрген надандарды «шіркін, Мұхтар ағаның Отырар дастанын оқыса ғой, Қайыр ханның қайсарлығын білсеші» немесе  махаббатты қаірлемей жүргендер «Ғашықтық ғаламатын» оқыса, шіркін» деп ойлаймын. Сосын тағы ой келеді. Әр өлеңі бір тарих. Жатқан тұңғиық философия. Қай өлеңін алсаң да сұлулық, махаббат, әйел және ерлік. Жәй емес еркектік ерлік, биіктік. Бақыр бастардың бағы бір тайған заманда бұл үлкен өнеге, ұлттық өнеге.

Бәрімізге ең алдымен жаныңдай жақын болатын үлкен де Ұлы достық пен махаббат дастаны «Танакөз» еді.

Мұрат!

Тағдырына өкпе айтып мұңаймаған,

Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған

Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп

Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!-деп басталатын өлеңді тебіренбей оқу мүмкін емес. Осылай бірден жатталып қалады. Біраз уақытқа дейін әлгі ортадан арыла алмай,

«Үшеу едік.

Қайда барсақ қасымызда –Танакөз,

Танакөзбен көңілді еді

Біздің ерке бала кез»- деп ішіңнен қайталап жүресің. Осы секілді бар өлеңі де солай еріксіз көңілде жатталып қалады. Өлеңдердің тез жатталып қалатындығы оның өтірік, қиялдан жазылмағандығынан болар. Отырар жайлы дастанда әкесінің тізесіне отырғызып алып, Отырар жайы аңызды жаттатқызатын кішкентай баланың Мұхтар аға екенін ақынның өмір жолынан білеміз.

Сан алапат тасырдан соң,

Тасыр дауыл басылған соң,

Жеті жарым ғасырдан соң

Өзіңді іздеп тіл қаттым.

Отқа оранған Отырардан

Қашып шыққан сол баяғы баладан

Бұл күндері санатты ұрпақ тараған.

Дәуірінің қанатында самғаған

Сол ұрпақтан шыққан ақын мен болам!»- деп асқақтата үн қатады ақын. Осы асқақ үн, қай өлеңінде болмасын бой көрсетіп, шарықтатып, жан дүниенің биіктігімен өлшенетін ерекше өктемдікті танытады.

Мен Мұхтар ағаның өлеңдерінен әйел жанына тән ізгіліктің бәрін терең бағалаған үлкен көрегенділікті оқимын.  «Сүюді ерлік деп бағаллайтын» ақынның өз өмірі, жеке басының жай-күйі кімге болса да қызық.

            - «Аға, сан мың адамды тамсандырған махаббат жырларыңыздан  сіздегі сүйе алатын үлкен жүректің дүрсілі сезіледі. Пәни жалғанда өмір бойы армандаған сүйіктіңді кездестіру, сүю бақыттың үлкені шығар. Сіз арман болған адамды кездестірген шығарсыз?..» дедім мен. Ақын ұзақ үнсіз қалды. Сосын жәй күрсінді. «Өміріңізде болған әйелдер жайлы әңгімелессек қайтеді?» деймін. Тұңғиыққа шомып біраз отырған ақын бұл тақырыпты жылы жауып қоюымды сұрады.Тұнжырай отырып, бозбала шаққа аттанды. Жанына жара салған бейкүнә махаббат жайлы әңгімеден ақын жанына сол пәк сезімнің қаншалықты ыстық, қаншалықты қаірлі екенін сезгендеймін.

              «Ол менің бозбала кезім еді. Жаңадан атым таныла бастаған. Бұрқыратып өлең жазам, бірақ ол кезде ақын болам деп ойламаппын да. Бір күні мені облысымызға танымал жас ақын деп студент-жастармен кездесуге шақырды. Екпіндеп тұрып төгілтіп жыр оқыған тамаша кеш болды. Мен өмірімде бірінші рет ақын ретінде Күләнда есімді қызға қолтаңба жаздым. Біздің таныстық осылай басталды.  Алғаш өзімнің өлеңдерімді өзіме жатқа оқып бергенде Күләнда болатын. Мені оның білімділігі, алғырлығы бәрі – бәрі таң қалдыратын еді. Осылай бір күні мен Күләнданы Төлеген ақынмен таныстырдым. Қаланың сыртында көгалда отырып жыр оқыдық. Төлеген аға таң қалды. Маған «махаббаттарың баянды болсын!» деп тілек айтты. Бірақ, сол кезде, менде, бәлкім, ол да ештеңе сезбеген екенбіз. Көп ұзамай мен Күләндадан көз жазып қалдым. Жексенбілік демаллысқа ата-анасына кеткен Күләнда оралмады. Дәл сол күні олардың станциясына пойыз тоқтамайтын болған соң, құрбысы екеуі жүктерін лақтырып артынан өздері секірген екен. Құрбысы мертігіп, өзі көз жұмыпты. Мен үшін орны толмас үлкен қаза болды. Ұзақ уақытқа дейін адам қалпына келе алмадым. Далада қалғандай, жалғыз қалғандай сезіндім. Содан жатқан жеріне іздеп бардым. Өмірімде қатты және ең ұзақ жылаған кезім сол болар. Бейіт басында қанша уақыт отырғанымды білмеймін, есеңгіреп қайтқанымды білем. Міне, менің өмірімдегі алғашқы  махаббат осылай сәтсіз аяқталды».

              Өмірдің тәттілігі кейде оның жұмбақтығымен де бағаланып жатады. Ақын ағаның өміріне жылдар бойы жұмбақ сырларымен шуақ шашып келе жатқан бір нәзік жанның әңгімесі мені көптен қызықтырып жүретін. Шамамен 70-жылдардың бас кезінен бастап Мұхтар ағаға бір қыз хат жазады екен. Жазған хаттарынан ақынның өлеңдерін жатқа білетіндігі, қандай болмасын газет-журналға жарық көрген мақала, өлеңдердің бәрінен хабардар екендігі, жалпы Мұхтар ағаның шын мәніндегі ақындығына табынған бейтаныс оның әрбір жаңа шығармасының бағасын берер сырлас-досына айналады. «Оның жазған хаты мені тіпті таң қалдыратын. Әнебір жылдары ол маған «бұлбұлдың күші дауысында болатындығы секілді сіздің де биіктігіңіз- өлеңдеріңізде. Саясат, қоғамдық жұмыстар, қызмет секілді шаруаларға бола көп уақытыңызды кетіргеніңізге өкпелеп жүрмін», деп те жазды. Мен оны көргім келетін. Кейде маған көрінгісі келмегеніне қарап, жаны жаралы төсекке танылған ауру жан болар бәлкім деп те ойлап жүрдім»,-дейді ақын аға. Кейіндеу ақынның Алматыдағы 5 мыңдай адам сиятын үлкен Спорт сарайында шығармашылық кеші өтеді. Сол кешті теледидардан тамашалап отырып, махаббат жайлы жаңа дастанның оқылуы кезінде оператор жұрт назарын тостағандары суланып, егіле жыр тыңдап отырған әдемі, сұлу қызға аударып, ұзақ көрсетеді. Бейнекөрініс жүрегіне от тастаған ақын, бәлкім менің жұмбақ сырласым осы қарындас  болар деп те ойлапты. Көп ұзамай, жұмбақ жаннан тағы да хат алады. «Сіз мені көргіңіз келетінін білем. Бірақ, мен сізге алыс та жақын тілекшіңіз болып осылай жүргенді дұрыс деп шештім. Амандық болып, 60-қа келген мерейтойыңызды  халқыңыз тойлаған кеште құшағымды гүлге  толтырып, «Аға, жұмбақ досыңыз менмін!» деп барармын» деп аяқтапты хатын бейтаныс жан. Өткен жылы ағаның 60 жасқа толған мерейтойын ел-жұрты тойлады. «Енді маған сол бейтаныс жанның жұмбағы шешілгені туралы әңгіме бәрінен де қызық болып тұр», деймін ақынға.

- Иә,60 жасқа келген кешімді өткіздік. Адам көп жиналды, гүл беруші де, хат жазғандар да, қолтаңба сұраушы де көп болды. Солардың арасынан байқай алмай қалдым ба, әлде батылы жетіп келе алмады ма, әйтеуір, маған ешкім келген жоқ. Бірақ, мен баяғы хаттарға ұқсас бір хат алдым. Онда: «Мен сізді ертең сағат 16.00-де, Абай ескерткішінің алдында күтемін» деп жазыпты. Ең өкініштісі бұл хатты мен кездесуден кейін, екі- үш күн өткен соң Қырғызстанда, поэзия кешімде өзіме түскен жүз шақты сұрақтардың ішінен тауып алдым. Бәлкім, сол әйел шығар деген ой басыма сап ете қалды.

- Мұхтар аға, «сіздің анаңыз он үш құрсақ көтеріп, соның ішінде өзіңіз ғана өмірлі болды» деп естіп едім.

              - Иә, бұл шындық. Мына бір оқиға есімде қалыпты. Ол кезде мен 5-6 жасар баламын. Біздің ауылға Қажымұқан келді, кәдімгі палуан Қажымұқан. Әкем сонда жар дегенде жалғыз баласына, яғни маған көже-қатық етіп отырған ешкісін сойып көрші-қолаңды шақырып, палуанды қонақ етті. Қазақтың әйелі қанша ұл туса да, Қажымұқандай палуанды әлі ешкім туа алмады. Мен сонда «осындай да үлкен адам болады екен» деп таң қалғам, кеудесіне бір мініп, бір түсем, тырбаңдап ойнаған болам. Шешем ұрсады, «қонақтың мазасын алма» деп. Әлгі кісі менің өрмелеп жүргенімді шыбын шаққан құрлы көрмейді, «ойнай берсін» деп күледі. Ертесі әкем «Әй, Ұмсын, мен саған қатты риза болдым, жалғыз ұлға сауын қып отырған ешкіні сойдың, жалғыз ұлды ақтан айырдың деп әйел боп, бір қыңқ демедің-ау» деп басын шайқады. Міне, осындай еді менің анам. Ол кісілер бір-бірін көзбен ұғушы еді ғой.

- «Жетінші түйсік» аталған өлеңіңізді көпшілік іздеп жүріп, тіпті біреулердің бір параққа көшіріп алып, оқып жүргенін де көзім шалды.

              - Жалпы әйел болу-ерекше қабілетті, ерекше дарынды талап етеді. Әйелдің жүзігін тағып, кез-кеген қыз-келіншек жүре береді, ал шын мәніндегі әйел болу-басқа мәселе. Ол санаулы ғана төмен етектінің маңдайына жазылған. Яғни шын мәніндегі әйел болу-таллант, өзгеше талант. Кейбір еркектер әйелдерін тастап кетіп жатады. Басқаларға көңіл аударып жатады. Бұл неліктен? Біріншіден, әйелдің бойынан өзі іздеген терең сезімді таба алмаған болар, екінші мәселе, әрбір еркек өзінің жан-дүниесіне тағдыры сәйкес келетін адамға ілуде бір-ақ  жолығатын шығар деп ойлаймын. Жас кезімде мен бір қыздың күнделігінен мынандай бір жазуды оқығам: «Егер сені қадір тұтқан ерекек бірте-бірте саған деген сезімін суытса-кінәнің үлкені өзіңде екенін ұмытпа!». Яғни, әйел ылғи ізденіс үстінде жүруі шарт, әйел ізденуден қалса, өзін-өзі қиындықтан қорғаса, жалқаулыққа бой алдырса-ондай әйел қызықсыз. Әйелдердің көбі «күйеу өзімдікі ғой, қайда барады дейсің» деп қателеседі. Махаббат дегеніміздің өзі ізденудің жемісі. Бұл өзіңді жақсы көрген адамның әр қылығын дәл ұғынып, көңіл ырзалығына дөп жауап қайыру. Бұл адамға қанат бітіреді, өмірді қызықты етеді. Немесе махаббатың басты жауы-сатқындық. Мен жаңағы «жетінші түйсікте» осы мәселені көтердім. Баяғы да Мәскеуде өткен бір кездесуімде «осы 10 миллион халқы бар Мәскеуде 1000 пар махаббат  болса үлкен жетістік» деп едім. Кейін ойласам, көбірек айтып қойған секілдімін. Махаббат деген Эверест сияқты, кез-келген адам шыға бермейді. Бірақ сол талпыныстың өзі неге тұрады?! Біреу етегіне барады, біреу баурайына дейін өрлейді. Соның өзі де қуаныш. Махаббат деген екеудің бір бағытта рухани биікке самғауы. Сол ғана махаббат...

- Қалғандары ше?

              - Қалғандары жәй заңдылық. Біреулер бала-шағалы болады, бірақ бірін-бірі сүймейді. Сөйте тұра, бірін-бірі алдайды. Олардың жанында бір-ақ адамды сүйіп, соған өмірін арнап, отырып қалған жалғыз басты қыздың бақыты әлдеқайда  парасатты сияқты. Миллиондаған адамдар бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Бірақ оларда махаббат жоқ. Өмірдің сол қарапайым заңдылығымен өмір сүреді. Маймылдар да, есектер де ұрпақ тудырады. Ұрпақ тудырудың ең жоғарғы үлгісі деп-кете балықтардың өмірін айтуға болады. Олар ұрық шашатын кезде Жайықтың ең тұнығына қарай тоқтамай жүзеді екен. Құдды бір тойға бара жатқандай есетін көрінеді. Мөлдір, таза судың басына жеткенде уылдырық шашып, өздері өледі. Олардың жанында адамдардың өмірі басқаша ғой.

              - Әңгімеңізге рақмет,аға!

                                              Б.Мәметқазықызы

Ақ босаға

9 қыркүйек , 2003жыл

0 пікір