22 Қыркүйек 2019

ШАХАНОВТЫҢ "ДОСТАРЫ" ТАҒЫ ДА БАС  КӨТЕРДІ


27/07/2019 68 0

  Мұхтар Шаханов ат үстіне мінгелі соңынан бір қора "достары" ұдайы ерумен келеді. Олар саны қазір едәуір болды. Олай болатын да жөні бар. Себебі Шаханов қоғамдағы қордаланып қалған мәселелердің ұдайы басында жүреді. Ал ол "қордаланып қалған" мәселелердің де өз арамызда қорғаушылары бар. Олар Мұхаңа қарсы күресін бір сәт те тоқтатқан емес. Бірақ әлі күнге дейін жеңіске жеткен бірі жоқ. Себебі, шындық туы ұдайы Шаханов қолында желбіреумен келеді.
  Жә, бүгінгі әңгімеге ойысайық. Өткенді қаперге алып жатқанымыз, қазіргі кей шәуілдектерге бұрынғы тіс қаққандар да қосылып кете береді дә. Содан "Оған не жазып қалып едік" деп шамалы ойланып қаласың. Жарайды, олар үйренген жау. Мынау қарадай кіжініп жүргендердікі не жорық екендігін тіпті түсінбей-ақ қойдық. Тіпті кейбіреулер Шахановты қытай жансызы етіп көрсеткісі келіп, қисынсыз әңгімелерге де ерік бере бастады. "Қытай ақшасына сатылған" деушілер де бар. Әлде бұл да бір "Атың шықпаса жер өртенің" кері ме?!
  Үнсіз қалуға да болар еді. Бірақ бұл мәселеге біздің кей "достарымыз" да үн қоса бастады. Отқа май тамызып отырғандар да аз емес. Оған себеп болып отырған Серікжан Біләш ісі екендігін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұл тұрғыда көпшілік назарын өзіне аудару арқылы ұдайы абырой биігінен көрінгісі келетін Серікжанның қорғаушысы Айман ханым да әңгіменің бір ұштығын Шахановқа әкеліп тіреп қойған. Бұл пиғыл астарында оның өзіне деген "Көрдіңдер ме, менің кіммен тіресіп жатқанымды" деген арзан жарнамалық мүдде жатқандығын аңғару қиын емес. Оның үстіне осы ойынға қатысушылар Шахановты  Қытай жансызы етіп шығара алса, онда Айман ханымыңыз іргелі бір мемлекетпен жалғыз күрескен адам болып шыға келеді. Сонда соттан жеңілсе де оған кінә артылмайды. Бұл мәселенің бір жағы. Болмаса Айман ханым іс басталмай жатып бұлайша шулатпас еді. Оның екінші қадамды қалай жасайтынын да біз ептеп сеземіз. Себебі, біз бұл дау-дамайдан бойымызды барынша аулақ ұстауға тырысқанымызбен көп нәрсені білеміз.
   Әуелі Шахановқа әлеуметтік желі бетінде тағылып жатқан айыптарға келейік. Ең басты шындық, құқық қорғау органының қызметкерлері Шахановтан оның Серікжанға қатысты жазған мәлімдемесіне орай түсінік алған. Мұндай түсінік бергендер өте көп. Ондай түсінік беруге бізді де шақырған. Шақыру қағазы әлі күнге дейін қалтамызда жүр. Біз тек бармай қалдық дә. Бірақ кімдердің барғанын және олардың қандай түсінік бергендерін ептеп білеміз. Олардың араларында Серікжан Біләштің қасында жүрген өте жақын адамдар бар. Олардың есімін Айман ханым өз қошаметшілерін тағы бір таң қалдыру үшін келесі жолы айтуға қалдырса керек. Осы әлеуметтік желі бетінде өзін Серікжанның жанашыры сияқты әсер қалдырып, құқық қорғау органы қызметкерлерінен таяқ жеген адам сияқты көрсеткісі келіп жүрген бір саясаткерсымақ та қайта-қайта жырбаң-жырбаң етеді. Ал ол болса маған өзінің түсінік беріп жатқан кезінде телефон шалған болатын. Енді келіп туысқандығы ұстап қалыпты. Ондай екіжүзді адамдар түсінік бергендер арасында толып жатыр. Ертеңгі күні шындықтың беті ашылған кезде осы бір орайлы сәтті пайдаланып Шахановтың аяғын бір шалып қалғысы келіп жүргендер, ұлттық мүддеден рулық бауырмалдықты жоғары қойып жүрген жалған саясаткерлер, көп дүрмекке қосылып Шахановқа қарадай кіжініп жүргендер біздің демей-ақ қоялықшы, мына халықтың бетіне қалай қарар екен?! Талайлар бізді де осы ойынға араластырғысы келді. Тіл де тигізді. Біз әзірге сабыр сақтаумен келеміз. Себебі, басында айттық, бұл біздің тақырып емес. Болмаса талайдың бетпердесін сыпырып алуға біздің де шамамыз келелі.
  Адам баласы жаланы да қисынын тауып жабу керек қой. Мәселен "Шаханов Қазақстанда қызмет ететін Чан Вэй дейтін қытайдың "Ас-Ай ЛТД" деген компаниясынан ақша алып тұрады" деген өсекті де біреулер аузы қисаймай айтты. Шынтуайтына келгенде, Мұхаң мұндай компанияның бар екенін де білмейді. Оның үстіне Шаханов өмір бойы билік ұсынған осындай қамқорлықтардан бойын аулақ ұстап жүрген адам. Сонда Мұхаң сол өмірлік ұстанымын өзгертіп, Қытай қақпанына оп-оңай түсе салмақ па?! Тіпті ол қақпан болмай-ақ қойсын. Ондай "әншейіннен әншейін" беріле салатын "батпанқұйрыққа" Мұхаң ешқашан мойын бұрмайды. Мойын бұрғанда қазір санаулы байлардың бірі болып отырар еді.
  Тағы бір мәселеге ойысайық. Біреулер Шахановтың Қытай елінде түскен суреттерін жариялап, Мұхаңды Қытай билігімен ым-жымы бір адам сияқты көрсеткісі келіпті. Осындайда хакім Абай: "Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын" дегенді күйінгеннен айтқанына еріксіз көз жеткізесің. Себебі, бұл өсекке де иланып, Мұхаңды күстәналап жатқандар бар. Сондықтан ол жәйт әңгімесін тарқату да біздің еншімізге қалып тұр. Оның үстіне кей ағайындар: "Бұған шәй ішкіш Құдияр не дейді екен?" деп бізді де киліктіріп қояды.
  Біз айтсақ, Шахановтың Қытай еліне барғаны рас. 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шаңқай қаласында 150 мемлекеттің өкілдері қатысқан үлкен бір жиын өткен. Сол жиын барысында өткен конкурста Мұхаңның Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған "Ғасыр айрығындағы сырласу" ("Құз басындағы аңшының зары") атты кітабы "ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы" деп бағаланған болатын. Міне сол кезде Шахановтың сол жетістігін Қытай елі баспасөзі жарыса жазды. Өкінше қарай бұл ақпарат биліктің Мұхаңа деген көзқарасына орай өз елімізде айтылған жоқ. Соны сәтті пайдаланған Шахановтың бүгінгі "достары" сол кездегі суреттерді әлеуметтік желі бетінде қайта жариялап, Мұхаңды Қытай билігі сойылын соғатын адам ретінде көрсетуге жанталасып бағуда.
   Алайда кімнің де болсын біле жүргені жөн. Ешкім де Шахановты жамандап абырой биігіне көтеріле алмайды. Көп шәуілдек үрді екен деп оның бағасы төмендемейді де. Сондықтан әлеуметтік желі бетін шаңдатып жатқан белгілі бекбикелерге көп даурыға бермей осы жерден тоқтай қалыңыздар демекпіз.
Құдияр Біләл

0 пікір