15 Қараша 2019

МҰХТАР ШАХАНОВ: ЕНДІ БІРДЕ- БІР ПАРТИЯҒА КІРМЕСПІН ДЕП ӨЗІМЕ- ӨЗІМ СЕРТ БЕРГЕМ


14/07/2019 98 0

- Наурыз мерекесінде сіздің есіміңіз жиі аталады. Өйткені, оған негіз бар. Дегемен, көпшілік Наурыз мерекесінің ортамызға қалай оралғанын егжей- тегжейлі біле бермейді.

- 1988жылы 4- ақпанда «Лениншіл жас» қазіргі («Жас Алаш») газетінде менің «Тамырыңды терең жібер» деген сұхбатым жарияланды. Онда 62 жыл бойы қазақ даласында ислам діні тудырған «кертартпа рәсімдер» қатарына еніп, тойланбай қалған Наурыз мерекесін үлкен мәселе етіп көтердім. Бірақ сөзден іске көшу үшін сол кездегі саяси жағдайға орай амалдауға тура келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жазып, Наурызды ұлт пен ұлтты жалғайтын дәнекер ретінде көрсеттім. Колбинге жазған хатым бюро мүшелері арасында талқыланып, ұсынысымды екі- ақ адам- Н.Назарбаев пен Ө.Жәнібеков қана қолдап, қалғаны қарсы болыпты. Қарсы болғандар Наурызды «Ислам дінінің қалдығы» деп дәлелдеуге тырысыпты. Бұл туралы мен сол кездегі Министрлер Кеңесі жанындағы дін мәселесімен айналысатын Тельман Сауранбековтен естідім.

Көп ұзамай Абайдың орыс тіліндегі аударма кітабын алып Колбинге қайта кірдім. Әңгіме арасында оған  Наурыздың халықтар арасындағы татулыққа жол ашатынын, бұл мерекеде араздасқандар бірін- бірі кешіріп, қайта табысатынын, мұндай игі шара Қазақстанға ауадай қажет екенін баса айттым. Абайдың «наурыз қазақ жерінде ислам дінінен бұрын болған» деген ойын көлденең тарттым. Колбин келісімін берді. Бірақ Наурызды атап өтуді келесі жылдан, яғни 1989жылдан бастауды ұсынды. Өйткені, бұл ақпан айының орта шені еді. Ұлыстың ұлы күніне санаулы  күн ғана қалған. Бірақ мен Наурызды келесі жылға қалдырғым келмеді. Колбин айнып қала ма деп қорықтым. Сонымен ақыры Наурыз мерекесін сәуірдің 22 күні өткізуге бәтуаластық. Сол кезде Орталық Комитеттің үш бөлімі менің ұсынысымды қолдаған шешім шығарыпты. Ол кейін мұрағаттан табылды.

- Сонымен сәуірде өткіздіңіздер ма?

- Алдымен Наурызды  үш жерде ғана Алматы қаласында, Алматы облысының Жамбыл, Еңбекші қазақ аудандарында өткізуге әрең рұқсат алдым. Сол жылы Алматыдағы Наурыз мерекесіне жиналған халықты көрсеңіз… Жүз мыңға тарта адам болды. Әр саланың беллгілі адамдары ұйымдастыру жұмысына тартылды. Алтыбақан құрылып, ұлттық ойындар ойналды. «Наурыз- бата», «Наурыз- тілек» секілді ұлттық әдет- ғұрыптар  көрсетілді. Жалпы, қайта оралған алғашқы Наурыз мерекесін жақсы өткізуге сол кездегі Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының  орынбасары Жібек Әмірханова  өлшеусіз еңбек сіңірді. Ең қызығы, содан кейін- ақ еліміздің барлық аймағында Ұлыстың ұлы күнін атап өту жалғасып жүре берді. Тіпті сол жылы қыркүйек айына дейін ауыл- ауылда Наурыз тойы тойланып жатты. Ал келесі жылдан бастап көршілес елдер-Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жаңа жылмен қауышты. Бұл жағынан Қазақстан оларға үлгі болды.

-  Жаңа жылды жаппай қарсы алғанымызбен, Наурызда дәл сондай белсенділік танытпаймыз. Неге? Жалпы, Наурызды мерекелеуде ұлттық салт- дәстүріміз толық сақталып жатыр ма?

- Ел санасындағы сәулелі мереке бойынша апа - әжелеріміз таң азаннан тұрып, наурыз көже әзірлер еді. Мұнымен қоса ауылдың үлкен - кішісі құрал- саймандарын алып, арық тазалап, ағаш отырғызар еді. Қазір бізге жетпей жатқаны- осы. Наурыз мерекесін тойлау- көже ішіп, сауық ұру ғана емес, көшет отырғызу, көгалдандыру емес пе? Сындыру, барды қирату екінің бірінің қолынан келеді. Ал көпшілігіміз жылына бір рет, тіпті он жыда бір рет шыбық отырғызбаймыз... Сонда «атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегеніміз қайда?

- Ойыңыз өте дұрыс, аға. Далланы да қаланы да көгалдандыру көп болып жұмылғанда ғана жүзеге асса керек. Бірақ қарапайым халқыңыз алдағы күндерде шыбық қадар жер таппай қалып жүрей ме? Жер қалталылардың меншігінде кетіп жатыр ғой.

- Жердің сатылуы- сөзсіз жаңа проблемалар тудырады. Мәселен, менде 8 сотық жер бар, сіз 5 сотық жерге иесіз дейік. Ал өзге халық ше? Олардың меншігінде түк жоқ қой... Бәзбір шіріген байлар мың гектар, тіпті жүз мың гектар жерді жекешелендіріп алды деседі.

Қазақ даласында соңғы бес ғасырдың ішінде ірілі- ұсақты  500- ге тарта ұлт -азаттық көтерілісі болыпты. Соның бәрі не үшін? Тәуелсіздік пен ата- бабамыздың қаны тамған қасиетті жер үшін. Енді сол жерді негізінен алпауыттар ғана иемденсе, «Отан» деген ұғым қайда? Отанды кім қорғайды және қандай идея үшін қорғайды?

Рас, қазір әскерге жастар келісім- шарт бойынша аллынуда. Оларға үкімет ақша төлейді. Кәдімгі жұмысшы сияқты. Сіз оларды патриоттық сезім бар дей аласыз ба? Жер мәселесі әлі талай жаңа проблемалар тудырады. Оның аллдын алу үшін «Жер туралы» заңды қайта қарау керек деп ойлаймын.

- Елге белгілі, беделді азаматтар «Отан», «Ақ жол», «Ауыл» секілді партияларға кіріп жатыр. Сіз партияда барсыз ба?

- Кезінде Олжас Сүлейменов екеуміз «Қазақстанның халық конгресі» деген партия құрдық. Ондағы мақсатымыз- қазақтың еліне, жеріне, руханиятына жаны ашитын азаматтардың басын қосып, үлкен идеялар төңірегінде бірлесіп қимылдау еді. Сол арқылы қоғамдағы кейбір жағымсыз құбылыстарға қарсы тұруды көздедік. Кейін қарасам, партия маған қол емес екен. Менің сөзім де, жеке пікірім де тіпті өлеңдерім де партияныкі болып қабылданады екен. Содан бастап енді бірде-бір партияға кірмеспін деп өзіме- өзім серт бергем.

-  «Ләззат Асанова желтоқсан оқиғасына қатысқан жоқ» деген пікір айтылып жүр. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Ләззат Асанова жайындағы даудың өрбуі –ұят нәрсе. Меніңше, бұл мәселенің көтеріліп отырғаны тегін емес. Желтоқсанның жеңіске жеткеніне риза емес қарсы топтар бар. Мәселен, Тоқтасын Беркінбаев деген ғалымсымақ  «Ақиқат» журналының он жетінші санында желтоқсанға қарсы топтама мақалалар берді. Егер оның сөзіне сенсек, Ләззат Асанова тұрмақ, Қайрат Рысқұлбеков те, тіпті, Қонаев та ешкім емес. Жаллпы желтоқсан оқиғасында «ешқандай игілікті іс жоқ, біреулердің алдауымен жиналған жастар тобы» дегенге келтіреді. Осындай былапыт сөзді басқан журнал журналистерге берілетін үлкен сыйлықты жеңіп алды. Демек, оның астында үлкен күштер бар. «Асанова алаңға шыққан жоқ» деп байбалам салатындар- сол топтың мүшелері. 19 желтоқсан күні Ләззаттың үстінен іс көтерілген. Ол істің нөмірін комиссия анықтаған. Сол күні Ләззатты үш солдат зорлаған. Ол жөніндегі мәліметті кезінде КГБ-дан көрген адам бар. Оны біреулер «24-і күні 5 қабатты үйден құлап өлді» дейді. Не үшін құлап өлді деген сұраққа дәлелді жауап жоқ. Мейлі ол құлап-ақ өлсін. Онда Ләззаттың өлімі азаматтық іске жатар еді. Ол іс аудан деңгейінде қаралар еді. Ендеше неге Асанованың ісімен КСРО прокуратурасы шұғылданды?

Ләззаттың желтоқсанға қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірнеше адам куәгерлік етіп отыр. Оның көтеріліске қатысқаны анық. Ләззат – қазақтың қанатты қыздарының бірі. Оның атына көлеңке түсіру- азаматтық іс емес. Өз ұлтына шуақ шашуға ұмтылған асыл перзентке қара күйе жақсақ, намысты ұлт бола алмаймыз.

Әңгімелескен

Сансызбай Өкенұлы

«Айқын»

20 наурыз, 2004 ж

0 пікір