21 Шілде 2019

Күн тәртібінде Арал проблемасы


07/07/2019 42 0

«Арал- Азия- Қазақстан» қоғамдық комитеті жанынан  қоғамдық академия құрылды

Халықаралық «Арал- Азия- Қазақстан» қоғамдық  комитетінің  есеп беру, сайлау жиын болып өтті. Комитет президенті  Мұхтар Шаханов Қазақстандағы тұңғыш бирәсім  ұйым боп саналатын бұл қоғамдық қозғалыстың еңбек жолына тоқтала келіп, оның Арал қасіретінің бүкіл әлем назарына ілігуіне зор ықпал еткенін атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасы «Арал- Азия- Қазақстан» қоғамдық  комитетінің   көптеген елдердің  қоғамдық ұйымдарына үлгі етіп ұсынғаны тегіннен- тегін емес. Яғни комитет өзінің алғашқы кезектегі міндетін абыроймен орындап шықты.

Бірақ қазіргі нарық қыспағындағы кезең өз жұмысын түгелдей қоғамдық  негізде  жасайтын комитетке  де тұсау салды. Оның үстіне, Аралдың атын пайдалана отырып өз қалтасын толтыруды көздейтін әртүрлі қорлар бой көрсетті. Жұрт осы қорлардың кейбір жөнсіз әрекеттерін комитетке тели бастады. Екіншіден, Аралға бірнеше  мемлекет қол ұшын бермек. Қазір олар біздің ғалымдарымызбен, қоғам қайраткерлерімен бірлесе отырып, Аралды құтқару жобасын жасауда. Жуырда ғана Орта Азия, Қазақстан республикасының президенттері  бас қосқан жиында Халықаралық «Арал» қорын құру жөнінде шешім қабылдады. Арал пробллемасы және оның шешілу жолдары тым күрделеніп кеткендіктен комитет жұмысы қайта құрылатын болды. Қозғалыстың төралқа мүшелері қайта тізілді. Комитеттің президенті болып бірауыздан халқымыздың көрнекті ақыны, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов қайта сайланды. Комитеттің вице- президенті болып, Қазақстан Республикасының халық депутаты Есенбай Белгібаев бекітілді.

Қазақстан, Орта Азия мемлекеттеріндегі және әлемдік деңгейдегі қоғамдық, ғылыми ой пікірлерді бір орталыққа шоғырландыру, бірлесіп қимылдау мақсатында Комитет жанынан Арал пробллемалары жөніндегі қоғамдық академия ашылды. Комитеттің вице президенті  және қоғамдық академиясының президенті болып техника ғылымдарының докторы, профессор, Арал қасіретін көптен бері зерттеп жүрген ғалым Абай Тұрсынов сайланды.

Комитет сондай ақ халықаралық Арал сыйлығын бекітті. Бұл сыйлық Арал проблемасын шешуде және оны насихаттауда ерекше көзге  түскен Қазақстан және шетел ғалымдарына, қоғам қайраткерлеріне, ұжымдарға берілетін болды.

Дереккөзі:

(Өз тілшімізден).

Егемен Қазақстан

1993 жыл 26 қаңтар

0 пікір