21 Шілде 2019

Зауытбек ҚАРАБЕКОВ,  Мұхтар Шахановтың досы: МЕНІҢ ДОСЫМ – НАҒЫЗ ХАНҒА БЕРГІСІЗ АДАМ


19/06/2019 69 0

- Зауытбек аға, достары жайллы сұрағанымызда, Мұхтар аға ерекше  сүйіспеншілікпен сізді атады. Қазақтың атақты ақынымен достықтарыңыз қай кезден бастау алған еді?

- Мұхтар екеуміз 60-жылдардан бастап доспыз. Мені Мұхтармен  Смайыл деген досым таныстырды. Ал Смайыл мен Мұхтар екеуі бір мектепте оқып, бала күндерінен дос болған екен. Мен ол кезде Шымкентте Қазақ химия-технологиялық институтында оқитынмын. Оңтүстік  Қазақстан облысы Төлеби ауданы Диқанкөл ауылында дүниеге келгенмін. Ауылымыз Мұхтар тұрған Қасқасуға көрші орналасқан.Анамның жалғыз баласы болып өстім. Әкем соғыста қаза тапқан. Мұхтар аға да Ұмсын апаның жалғыз баласы,әкесінен ерте айырылған. IV курста оқып жүргенімде апамды Шымкентке  көшіріп алып келдім. Сол уақыттан бастап Мұхтар екеуміздің аналарымыз бір- бірімен дос болып кетті. Біздің де достығымыз арамыздан қыл өтпестей болып тіптен беки түсті. Жалпы, біз бес дос едік- мен, Мұхтар, Асан, Рысбек, Смайыл, Мұхтар. Бесеумізге ортақ «Күніне ең кем дегенде бір адамға жақсылық жасау керек»  деген ұранымыз болатын. Біреуге қол ұшын  бере алмай қалсақ,ол күнді босқа өткен күн деп есептейтінбіз.

- Сіздің үйленуіңізге Мұхтар аға  себепші болған көрінеді. Рас па?

- Рас. Бір күні анам Мұхтарға: «Айналайын Мұхтар! Менің балама  қарағанда етің сәл тірілеу ғой. Досыңа келіншек алуға жәрдем берсейші, мынау өздігінен үйлене алмайды, жасы болса ұлғайды»,- деді. Содан Мұхтар мені жанына ертіп алып, сол уақыттығы жастар көп шоғырланатын бас поштаның алдына бардық. Кенет ұзын бойлы, көрікті бір қыздың кетіп бара жатқанын көрдік. Мұхтар мені түртіп қалып: «Бола ма?»- деді. Мен де: «Өте көрікті ғой»,- дедім. «Қасымнан қалма» деген Мұхтар мені сүйрей – мүйрей, қыздың соңынан ердік. Сол кезде жаңбыр себелеп тұрған. Аялдамаға жақындағанда аяғымның қалай тайып кеткенін білмеймін, шалқамнан түсіп, суға құладым. Мұхтарым ал кеп ашулансын. Үсті- басымды қағып, жөнге келем дегенше, қыз бір автобусқа мінді де кетті. Сол оқиғаны Мұхтар әлі күнге дейін күліп айтады.

Осы жайттан кейін бір күні Ленгер қаласында тұратын жақын әпкем мені бір қайын сіңлісімен таныстырмақ болды. Жаныма Мұхтарды ертіп бардым. Қызды көре сала Мұхтар: «Нағыз саған жар болатын қыз- осы. Адам танитын болсам, апама жақсы келін болатын қыз»,- деп сүйсініс білдірді. Мұхтардың сол сөзі ықпал етіп, тілегі қабыл болып, Гүлзада екеуміз отбасын құрдық. Қазір балалы-шағалымыз. Айжанар деген қызымыздың атын Мұхтардың өзі қойды.

- Мұхтар ағаның алғашқы өлеңдеріне де талай рет куә болған шығарсыз?

- Иә, Мұхтар әдебиетке өте құштар болатын. Қолынан кітабы түспейтін. Алғашқы өлеңдерін бізге жаттататын. Кейбірінің әні де бар болатын. Мұхтардың «Байлық пен сараңдық элегиясы» деген өлеңі маған арналған.

Бір күні Ұмсын апамен әңгімелесіп отырып: «Мұхтардың әдебиетке құмарлығы қай кезден басталды?»- деп сұрағанымда, апа былай деген: «Бір күні ауыл қариялары үйге келді. Онда Мұхтар трактор айдап жүрген еді. Ақсақалдар: «Мына балаңның қылықтары біртүрлі ,жалғыз өзі айдалада жүреді, қолында кітап, қағазы бар, бір нәрсенің шалығы тиіп ауырған сияқты, молдаға оқытып алшы»,- деді. Содан ағама барып, болған жайды айтқанымда, ол кісі: «Мен жақында түс көрдім. Түсімде Мұхтарды  көрдім. Егер менің түсім алдамайтын болса, онда, Құдай қаласа ,балаң үлкен адам болады. Молдаға оқыту дегенді ұмыт, балаңа бір бақ қонайын деп тұр»- деген еді». Сол түстің бүгінде өңге айналғанына бүкіл қазақ куә.

- Мұхтар ағаның қарапайым адам ретінде қандай қасиеттерін баса айтар едіңіз?

-Мұхтардың жақсы көретін адамының атын өзгертіп алатын әдеті бар. Мені атым Зауытбек болғанымен, Мұхтардың айтуымен Завод болып кеткенмін. Ал келіншегіме Фабрика деп ат қойып алған. Қатарластарым да әлі күнге дейін бізді сол Мұхтар қойған Завод – Фабрика деген аттармен атайды.

Сосын Мұхтар өте әзіл қой. Ол үнемі менің қазан басыма тиіссе, мен оның мұрнын тілге тиек етемін. Еш ренжімейді. Тапқырлығына да бұрыннан қанықпын. Бірде Алматыда Мұхтардың шығармашылық кеші өтетін болып, сонда бардым. Екеуміз әңгімелесіп отырғанда жанымызға бір жігіт келіп амандасып: «Көке, мені танымадыңыз ба?»- деді. Еліміздің әр жерінде тілеулестері, оқырмандары қаншама?! Мұхтар «Інім, айыпқа бұйыра көрме, есіме түсіре алмай тұрмын, бірақ жүзің таныс»,- деп еді, әлгі жігіттің: «Көке, қалай есіңізден шығып кеттім? Баяғыда Шымкенттегі педагогикалық институттың акт залында сіздің студенттемен кездесуіңіз өтті. Сонда акт зал толып отырды. Мен ең соңында кірдім, сонда сіз маған қарап едіңіз ғой»,-дегені. Жігіттің мұнысына Мұхтар да: «Е-е-е.... Сол сен бе едің?»- деп тапқырлық танытқан.

Жалпы, Мұхтар- ерекше адам. Тіпті досымды сипаттап айтуға тілім жетпейді. Қазақта «Кілемге бергісіз алаша болады, ханға бергісіз қараша болады» деген аталы сөз бар. Осы мақал Мұхтарға арналып айтылғандай. Менің досым – нағыз ханға бергісіз адам.

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

0 пікір