20 Маусым 2019

Мұхтар ШАХАНОВ: Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай


05/06/2019 34 0



Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай .

– Мұхтар аға, Сізге екі-ақ сұрақ қойғалы отырмын. Оның бірі тікелей өзіңіздің ақындық ұстанымыңызға байланысты. Айтыс ақындарының көшін бастап келе жатқан Жүрсін Ерман Алматы телеарнасының «Өткір тіл» бағдарламасына берген сұхбатында Шахановтың «Абайдан Махамбетті биік қоямын» дегеніне мүлде келіспеймін» деді. Осыған орай ғаламторда «Жүрсін Ерман Мұхтар Шахановты сынап тастады» деген шағын мақала жарияланып, сіздің төңірегіңізде әрқилы даулы әңгімелер туындады. Бұған не дейсіз?
– Иә, Жүрсін Ерманнан мұндайды күтпеп едім. Менің «Ақындықтың міндеті мен азабы» атты өлеңімде мынадай жолдар бар:

«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі. Тек сол үшін оны ардақтау – жөнсіздеу һәм күлкілі. Дәуіріне, билігіне саналғанмен алымды, Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды… Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен, Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық үшін күрескен. Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән, Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан. «Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,

Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?» Ел, ұлт жайлы сырларымен, Жыры биік тұрғанымен, Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан! Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан…

Жиі айтып жүрген бір әңгімеме тағы да бет бұрайын. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесі бар. Сонша көп мүшенің елдік, ұлттық, тілдік мүдде күресінде бізбен оншақтысы ғана бірге екен. Қалған қаламгерлердің бәрі дерлік өлеңдерінде, мақалаларында «ұлтты, тілді, рухани құндылық­тарымызды сақтау, тіпті сол үшін күресу қажет екендігін» жазады. Ал іске келгенде көпшілігі үстелінің астына кіріп, жасырынып қалады. Өкінішке қарай, қарапайым халықты былай қойғанда, ақын-жазушылардың арасында да сөзі бір бөлек, ісі бір бөлек адамдар қаптап кетті. Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні. Даңққа мойынсозғанымен, Том-том өлең жазғанымен, Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі! Шындығы өлгенмін езсіздік болмақ кімнің мақтаны? Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады. Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш, Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш». Сондықтан да мен жаңа ұстаным жарияладым: «Кім шындығын жоғалтып алса, кім «ақты – ақ, қараны – қара» деп айта алмаса, яғни сөзі басқа, ісі басқа болса және елдік, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, оның ақындығы да жазушылығы да, ғалымдығы да көк тиын». Менің осы ұстанымым бірнеше мемлекетте, атап айтқанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Англияда, Түркияда үлкен деңгейде қолдау тапты. Өткен жылы Қытайдың Шанхай қаласында 29 мемлекеттің ақындары қатысқан поэзия фестивалінде, әлгі ұстанымды жария еткенімде, жиналған халық тек маған ғана, орындарынан тұрып қол соқты.

– Сіз қырғыз елінде 10 жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқардыңыз. Қырғыздың Манастан кейінгі бүкіл әлем мойындаған даңқты перзенті Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айрығындағы сырласу) атты эссе, «Сократты ескеру түні» атты драма жаздыңыздар. Бүгінгі таңда бүкіл қырғыз елі сізге үлкен құрметпен, сеніммен қарайды. Жуырда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Мәскеуде қырғыз қыздары дәретхана жуып жүр» деген сөзін кейбір қырғыздар теріс бағытқа бұрып, қырғыз басылымдарында едәуір қиғаш пікір тудырды.

– Өкінішке қарай, қырғыз­дың үш басылымы маған да телефон соқты. Оларға мен: «Қазіргі материалдық байлық бірінші орынға шыққан күнкөріс заманында Мәскеуде де және басқа қалаларда да, сан түрлі қиын жағдайда жүрген қырғыздың да, қазақтың да, өзбектің де қыздары аз емес екендігін ұғындырдым. Министр Арыстанбектің қырғыз бауырларымыздың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдірген бір ауыз сөзін іліп әкетіп, гу-гулете теріс түсіндіріп жүргендерге тосқауыл болуымыз керек. Менің мынадай өлеңім бар:

«Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай, Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?» Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай, Ондайлардың бүгінгі аты «Ырбикүл» мен «Жырбибай!»

Сондықтан мәдениет министрінің бұрмаланған пікірін кейбір «Ырбикүлдер» мен «Жырбибайлардың» жел сөзінен қорғап қалу азаматтық міндетіміз емес пе?

 

Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы

Дереккөзі:

29 Маусым 2016, baq.kz

http://old.baq.kz/kk/news/kogam/muhtar_shahanov_shindik_keide_kalin_arpa_ishindegi_bir_bidai



0 пікір