20 Тамыз 2019

Темірхан МЕДЕТБЕК ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ – ҰЛТ.


01/06/2019 109 0

-Темірхан аға, поэзия әлемінде қатар қалам тербеп келе жатқан замандасыңыз, ақын Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиетіндегі орнын қалай бағалайсыз?

– Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетіндегі айрықша, ірі тұлғалардың бірі. Ол – жас кезінен-ақ қазақ поэзиясына соны серпін, тың үрдіс, тосын мінез алып келген ақын. Оның алғашқы жылдардағы өлеңдерінің өзі сюжетті болатын. Ел ішінде Мұхаңның сол өлеңдерін, "Танакөз" поэмасын жатқа оқитын адамдар әлі күнге дейін өте көп. Өйткені ол халыққа өте жақын, халықпен өте сырлас, өте мұңдас, халықтың көкейіндегі, ұлттың жүрегіндегі ойларды айта білетін ақын ретінде танылды. Мұхаң бірден жарқ етіп шығып, бірден жалп етіп сөніп қалған жоқ. Қарқынына қарқын, қуатына қуат қосып, жігеріне жігер жанып, жетілген сайын жетіліп еңбек етті. Ол тек өзіміздің Қазақстан аумағында ғана емес, сонымен бірге шетелде де көп көріне бастады. Көп көріне бастады емес, көп көрінді де. Одақтық деңгейдегі ірі ақын-жазушыларымен, мәселен, Расул Ғамзатов, Қайсын Құлиев, әсіресе Шыңғыс Айтматовпен иық тірестіріп қатар жүрді. Мұхаң осындай ерекше тұлғалармен табақтас қана болған жоқ, олармен ниеттес, рухтас бола білді. Мұхаң- өлеңдері шет тілдерге көп аударылған ақындардың бірі де. Бірі емес, бірегейі деуге болады. Оның шетелдерде, өзге ұлттың белгілі тұлғаларымен бірге жүруі, өлеңдерінің өзге тілдерге аударылуы қазақты танытуда ерекше орын алды деп білемін. Сондықтан да еш уақытта Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиетіндегі орнын көлеңке түсіріп, төмендетіп жіберуге болмайды.

- Шаханов ақындығының ерекшелігі неде деп білесіз?

- Шаханов ақындығының ерекшелігі - халықтың, оқырманының жүрегіндегі сырды, мұңды жеткізе білетіндігінде, халықпен өлең тілімен сұхбаттаса алатындығында. Өлең тілімен сұхбаттаса отырып халқына рух беретіндігінде. Ең көкейтесті мәселелерді қозғай алатындығында. Мәселен, тіл мәселесін алайықшы. Мұхаң тіл жайлы айтқан кезде зар илеп, мұңын шағып қана сөйлемейді, сонымен бірге халықтың жігерін жанып сөйлейді. Және ол соншалықты қарапайым тілмен қадап айтады. Қарапайым тілмен айтса да, соншалықты образбен, бүкіл жан-тәнімен беріліп айтады. Қай жерде болсын Мұхтар Шахановқа деген жұрттың ниеті, ықыласы айрықша, бәрі қоғадай жапырылып, алдына жығылып, құрмет көрсетеді. Жалпы, шын мәніндегі халықтық ақын Мұхтар Шаханов деуге болады.

- Мұхтар Шаханов шығармаларының негізгі өзегі ұлттық болмыс, ұлттық қасиеттер деуге бола ма?

- Мұхтар Шаханов шығармаларының тақырыптары көркемсурет галереясы тәрізді әртүрлі. Онда ұлт, имандылық, адамгершілік тақырыптары... бәрі де жеткілікті. Дегенмен ақын поэзиясының алтын қазығы- ұлт. Оның өлеңдерінің барлығы да сол топырақта өсіп-өнген. Мұхаң тек өзінің өлеңімен ғана емес, болмыс- бітімімен де солай. Тіршілікке ұлтсыз, ұлттан тыс қарай алмайды.

-Ақын өзінің өлең- жырларына рухани- адамгершілік мәселелерді қаншалықты арқау етеді?

- Мұхаңның имансыздыққа, қатыгездікке, қайырымсыздыққа, мейірімсіздікке қарсы күйіне жазған өлеңдері көп. Мәселен, "Қасымды қабылдамаған адам хақында" деген өлеңін алайық. Қасым Аманжоловтың бір өлеңін жатқа соққан шопыр жігітке " Ә, Қасым ба?" деп тыжырана қарап, маңғазданып, менсінбеген кейіп танытқан шал:

Бізден де жұрт күш таңып, арай көрген,

Қарсы алып ек, дүние-ай талайды өрден.

Мен бастық боп тұрғанда осы ақының

Пәтер сурап алдыма талай келген,

Тіпті жиі соғатын дамылдамай,

Қайтарушы ем көбіне қабылдамай... -дейді.

Мұхаңша айтсам:

Сонда шопыр жігіт ызадан жарылардай болып:

Ең айбарлы ақынды жаны көктем,

Азбырт, алау таңдарға әні кеткен,

Ең айдарлы ақынды,

Туған елдің гүлі болған,

Заманының үні болған ақынды

Мұқаттым деп мақтануға,

Мұқаттым деп шаттануға бола ма?

Сондай есер сезіміңіз үшін мен

Қазір сізді тастап кетем далаға, - деп, шалды машинасынан түсіріп кетеді.

Ақын адамгершіліктің болмыс- бітімі көрінетін осы өлеңін:

Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы,

Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды.

Шымшықтар көп өмір де, ал сұңқарлар санаулы,

Санаулы олар, сондықтан жалпы жұртқа қалаулы, - деп түйіндейді.

Шахановтың осы мазмұндас өлеңдерінің басты мақсаты- адам бойына имандылықты орнықтыру, ізгіліктің сәулесін құю, оның болмыс-бітімінің құнарлы топырағына жақсылықтың дәнін егу, сол дән көктеп өсіп, жеміс беруі үшін адам жанын лас қасиеттерден тазарту.

Жалпы, Мұхтар Шаханов- әртүрлі аспектіде, әртекті жазатын ақын. Яғни оның поэзиясы бірізді емес. Ал бір ғана ізбен жүретін ақындардың ақырында шаршап қалатыны белгілі. - Ал Мұхтар ағаның қандай адамдық қасиеттерін жоғары бағалайсыз?

- Мұхтар- кездескен кезде құшақтаса кететін, біреуге "болмасын, оңбасын" деген ойы жоқ, соншалықты ақкөңіл, ақжарқын адам. Ол тек ел, ұлт, жер мәселесіне келгенде ғана сондай батыл, қайсар, сондай бетпақ та долы. Ондайда жұлынып, келеге түсетін бура құсап, аузынан көбігі ағып, жер тарпып кететін тұстары болады. Ал қарапайым тіршілікте одан жұмсақ, одан мейірімді, одан бауырымды адам жоқ. "Бауырым", "айналайын" дегеннен басқа сөзі жоқ. Қынжылтатыны, елдің мұңын, зарын айтып жүрген сондай азаматқа жоғарғы жақ соншалықты жақсы көзбен қарамайды. Оның арқасынан қағып, бетінен сүймейді. Бірақ ол кісіге халықтың сый- құрметі мен ықыласынан асқан құрмет қағазы, содан үлкен орден жоқ деп білемін. Мұхаң түбінде бейнетінің зейнетін көріп, оны көзі тірі замандастары ғана емес, болашақ ұрпақтар да қадір тұтатын болады. Мен оған рухани мәңгілік жас тілеймін.



 Сұхбаттасқан: Мәдина Серікқызы

0 пікір