21 Шілде 2019

ТАУЛАР


08/05/2019 151 0

Жолың сені тауға бастап шықса, адам,

Арманың мен ырысыңды күт содан,

Сен қорықпа таулардың да тағдыры,

Адамдардың тағыдырына ұқсаған.

 

Кең табиғат бұған шебер, бұған бай,

Тау болған соң тұрмас және мұнармай,

Кейде тіпті биік болу қайғы екен,

Биігіңе тұрса ешкім шыға алмай.

 

Таулар сырын айта бермес шешіліп,

Бойсызды да, ойсызды да кешіріп,

Жатыр олар, менің туған өлкемде

Тыныстаған тұлпарлардай көсіліп.

 

Қаншама үміт тырналардай тізілген,

Сапар шегіп, тауға жетпей үзілген.

Бір  тау тіпті шырқау жатыр, ал бір тау

Наполеонның шаттығындай мүжілген.

 

Қыран жемін іздейді әркез қиырдан,

Оған шыңның ұлылығы бұйырған.

Жайдақ таулар төбеге ұқсас – төбеде

Емін- еркін жайылмай ма сиырлар.

 

Көз жіберші мына тауға тұлғалы,

Қанша ғасыр, ол асқақтап тұрғалы.

Биік таулар бақытты ғой, әйтсе де,

Өзіне тән болады екен мұңдары.

 

Мұхтар Шаханов

0 пікір