26 Мамыр 2019

БӨТЕНГЕ БЕРЕТІН ҚАЗАҚТЫҢ БОС ЖЕРІ ЖОҚ !


26/04/2019 125 0

Өткен жылдың соңында президенттің «Қытай Халық Республикасы мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге бізден 1 миллион гектар жер сұрады», - деген жалғыз ауыз сөзі қау боп өскен қамысқа бір тал сіріңке тастағандай дүйім елді дүрліктірді. Бірқатар басылымдар осы мәселені жан-жақты талқылап, бір топ адам Қытайдың Бас консулдығының алдында наразылық акциясын өткізді. Бұған жауап ретінде еліміздің Бас прокуратурасы уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан халық наразылығын басу үшін «жер сатылады деп қауесет таратқандарды жауапқа тартамыз» деген сыңайдағы қоқан-лоқы аралас арнайы мәлімдеме жасады. Алайда ел болашағына бейжай қарап отырған биліктің қыңыр саясатына деген халық қарсылығын басу- заң орындарының да қолынан келмеді. Өткен сенбіде, 30 қаңтар күні, Алматыда ұлт жанашырлары мен оппозициялық партиялар ұйымдастырған халықтық митинг өтті. Абай даңғылы мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы шағын алаңқайға 5 мыңнан астам халық жиналды. Қызылды-жасылды жалаушалар ұстап, Қазақстан туына Қытайдың символы айдаһармен панда бейнесі түсірілген түрлі карикатуралар көтерген халық : «Қытайға беретін қазақтың жері жоқ!» - деп ұрандатып тұрды. Алаңға жұрт бірінен соң бірі ағылып келіп жатты . Жастар мен қарттардан құралған жиын ортасы - гу-гу патриоттық әңгіме. Биліктің кері саясатына наразы сөздер. Ауыл тозған, өрісі азайған, шекарасы тарылған қазақ баласы үшін ендігі қасірет ата-бабадан қалған қара жердің жат қолына кетіп бара жатқан іздеусіз, сұраусыз тағдыры болатын түрі бар. Қарапайым халық арасында жүріп бір байқағанымыз - биліктің ақылға сыймайттың іс-әрекеттеріне адамдар жіп таға алмай қалған сияқты. Көпшілігінің айтатыны: «Ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңдерде найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап, аманат еткен жерімізді енді неге бейбіт заманда қайдағы көк қағазға сатуымыз керек?" – деген мағынадағы ашынған әңгімелер. Митингіге "Азат" партиясының тең төрағалары Жармахан Тұйяқбай мен Болат Әбілов, ақын-жазушылар Мұхтар Шаханов, Софы Сыматаев, Темірхан Медетбек, «Ақсарай» мюзикл театры жетекшісі Болат Атабаев және тағы басқа бір қатар қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. «Азат» ЖСДП-ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай биліктің жер мәселесін саясатқа айналдырып, халықтың ығырын шығарып отырған әрекетін айла- тәсілге балады. «Қазір халық қарынның қамы - материалдық мұқтаждық қана бар. Рухани жағымыздан әбден әлсіредік, билік осындай жағдайда өздерінің ойға алған саясатын іске асыруы әбден мүмкін», - деді Тұяқбай. Мінберге көтерілгендердің алдыңғыларының қатарында сөз алған ұлт зиялысы Мұхтар Шаханов қазақ жерінің жырымдалған халін айтудан ілгері таяуда ел арасында толқу туғызған «докторайна» жайына тоқталып кетті. Үнемі намысын жыртып, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысып жүретін ақын бұл қадамда да аянып қалмайтынын, керек болса, өз басын құрбандыққа шалуға дайын екенін жеткізді. «Жер сату мәселесін ең алдымен президент Назарбаевтың өзі қозғады. Мына митинг содан шықты», - деді Шаханов. Келесі сөздің кезегі «Азат» ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбіловке тиді. Ол тәуелсіздіктен бергі елдің берекесін қашырған билікдегі аз ғана топтың әрекетін тізіп айтты. Қазақстанның жер асты, жер үсті байлықтарының бәрі сол ат төбеліндей шенеуніктердің талан-таражға түскенін, ендігі қалған байлық - жерге де тықыр таянғанын соқырға таяқ ұстатқандай тәтпіштеп жеткізді. Ұзақ созылса, бүлік шығып кетер деп қорыққан болуы керек, күндізгі 11-лер мөлшерінде басталған митингіге қала әкімдігі 1 сағат қана рұқсат беріпті. Рұқсат етілген уақыттың біткеніне қарамастан, әнұран айтып, көшеге шеру тартып бара жатқан біраз адамды тәртіп сақшылары алдынала дайындалып қойылған «Гезель" көліктеріне тиеп, алып кетті.

дереккөзі:

Еркебұлан Нүрекеш, "D" 

«Общественная позиция», №5 (42)

3 февраля, 2010 г

0 пікір