26 Мамыр 2019

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: МҰХТАР ШАХАНОВҚА ХАТ


24/04/2019 76 0

БІРІНШІ ӨЛЕҢ

 

Алпысқа сен де келдің, біздер келген,

Жол жатыр әрбір жерін іздер бөлген.

Бол батыр, бұрынңыңнан салымдырақ,

Өзіңнің бақытыңды іздерде елден.

 

Егдесің, енді бізден жөн сұрама,

Жайлы бол қатар қонған қоңсыңа да.

Жаршы бол жақсылыққа келе жатқан,

Бәрі де жамандықтың болсын ада.

 

Інісің ағалыққа ерте жеткен,

Жаныңды жас махаббат өртеп өткен.

Жастықтың базарына артта қалған,

Жүрсің бе барып қайтып вертолетпен.

 

Ірісің, ірілермен иықтасқан,

Бар нұрын көкірегіңе құйыпты аспан.

Тағдырын даралардың кешіп жүрсің,

Тауларың шығам деген биік бастан.

 

Қолыңа қалам алдың он үшіңде,

Арманға жараландың он үшіңде.

Ұлыұ боп кетсең дағы кішіксің сен,

Өзіңді жақсы көрем сол үшін де.

 

Жерің жоқ ештеңеден кенде қалған,

Басың – ой, көздерің – от, кеудең – арман.

Таңғалтқан Айтматовтай алыптарды

Мұхтаржан, бар ма сірә сенде де арман?!

 

Көтерген айбатымсың ардың жүгін,

Жайқалған айбатымсың жанның гүлін.

Қандасым қатар жатқан қырғызға да,

Сүйкімді бала болып алдың бүгін.

 

Талайдан жырға көз ең, нұрға безен,

Төгіп тұр шапағатын ұлға кезең.

Тел емген екі ананы асыл перзент,

Кемерден аса жаздап тұрған өзен.

 

Кемелді мынау шағың, келісті шақ,

Жаяды қырғыз, өзбек, орыс құшақ.

Жапон да жақсы көріп төрін берді,

Сырасын ішкізеді неміс қыштап.

 

Бәрі де өзің туған аяулы елдей,

Толқи бер, тұрғыласым, ояу көлдей.

Қырғыз да қымызына тойғызады,

Өзбектер жібермейді палау бермей.

 

Даланың сабақтарын өтіп аздап,

Жанады махаббаттың оты маздап.

Байқаймын тұрсың өзің аяулы інім,

Әлемге бала болып кете жаздап.

 

Ақында қашан ғана кеміпті арман,

Оттарды оятасың сөніп қалған.

Ерлерді мадақтайды біздің өлең

Майданда жеңеріне сеніп барған.

 

ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

 

Әніңе бөлеп жүрсің бай даланы,

Бір көлді әнші құстар айналады.

Тақырға бақ тұра ма қамағанмен,

Сұлулар жақтыра ма жай баланы.

 

Лапылдап жастайыңнан жана бердің,

Келесің керегіне жарап елдің.

Көріп ем жас кезіңде сені Мұхтар,

Арманға мас кезіңде жәна көрдім.

 

Көңілімде көп шертілер күйім менің,

Жанға бақ жамандыққа шүйілгенің.

Көргенде інім ғой деп аяласам, –

Бүгінгі ірім ғой деп сүйінгенім.

 

Сүйедің жеткенді де, жетімді де,

Күн міне барып қалды екіндіге.

Әжімдер маңдайыңа ерте түскен

Қарттықтың хабаршысы секілді ме?

 

Әлемнің бар аралап қайтшы көгін,

Не көрдің, асыл інім, айтшы менің.

Хақың жоқ қартаюға, жантаюға,

Мектепке жаңа барды Айчөрегің.

 

Дүние сені жақсы көретіндей,

Аямай барын және беретіндей.

Жолыңнан қайда барсаң күтіп алып,

Соңыңнан Сұлу қалмай еретіндей.

 

Өзіңді елің тартты домбырам деп,

Сен жүрсің болмасты да болдырам деп.

Тұлпарым туған елге олжа салдың,

Бәйгенің әрқашан да алдынан кеп.

 

Қоржының талай жақтан келді ауырлап,

Жебеді талабыңды ел қабылдап.

Биікте ұшу үшін туған қыран

Қайтсын- ай биікке ұшпай, жер бауырлап.

 

Өзіңде ұстаздық та, ұсталық та,

Көгіңде жүреді ылғи құс қалықтап.

Қазақтың бәрі де ақын, сол қазақтан,

Ақын боп шығу оңай іс болып па?

 

Ақынсың дүниеге атың кеткен,

Жаныңа жақын келді жатың да еппен.

Қасыңда Шыңғыс ағаң, сұрамайсың,

Енді ақыл Тұманбай мен Кәкімбектен.

 

Жүрсеің әсте жанып, әсте түлеп,

Қосасың биікке арман, пәске тілек.

Бір жерде біз де мүмкін жолығармыз,

Өмірде өлең жазып өскен ұл ек.

 

Тойыңды тойлап жатыр екі халық,

Бұлардыңсаған деген ниеті жарық.

Ақындық ұшағыңа мініп алып,

Заулай бер болашақты бетіңе алып.

 

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,

Қазақстанның халық жазушысы

0 пікір