21 Қазан 2019

ЖЕЛТОҚСАН ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ҚОНАЕВҚА ҚОЙЫЛАР БОЛАШАҚ ЕСКЕРТКІШТІ ҚОЛДАУ


15/09/2018 304 0

Алматыдағы желтоқсан оқиғасын Колбин және оның айтқанына көніп, айдауында жүргендер «әлде бір ұлтшылдардың айдап салуымен болған жанжал» деп сипаттады. Ал, КСРО халық депутаты М.Шаханов басқарған беделді комиссия: «...қазақ жастарының бой көтеруінде ешқандай ұлтшылдық жоқ, бұл олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін білдіру құқы» деп, мүлде басқаша, бірақ әділ қорытынды жасады. Комиссия жүздеген, тіпті мыңдаған жас жігіттер мен қыздарды тым-тырақай қуып, өлімші ғып сабап, қамауға алу үшін күш қолдануына бірден бір кінәлі адамдардың атын атап, түсін түстеп берді. Беделден жұрдай болған бұл адамдарды бұдан былайғы жерде қазіргі отырған қызметінде қалдыруды лайықсыз деп тапты. Алайда комиссияның орынды талабы әлі күнге дейін аяғына жеткізілмей, сөзбұйдаға салынып келеді. Қалай болғанда да комиссия өз міндетін абыроймен орындады, ол желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын ашып, алып-қашты сөздер мен өсек-аяңды пышақкесті тыйды.

Дінмұхаммед Қонаев

(«Өтті дәурен осылай»,

Алматы, «Дәуір» баспасы, МП «Ынтымақ», 1992 ж.)

 

– Қақ жарып талай құз, кедергіні, бойына қайсар бақ дарып,

86-дағы Желтоқсан рухы шыңға шырқады ақталып.

Сол үшін өжет мінез көрсеттіңіз, намысыңызды оққа қақпа ғып

Және де ұлттық мүдде жолында күш қоспағандарыңызда топтанып,

Ешкім де қазір жүре алмас еді «Желтоқсаншымын» деп мақтанып.

Билік табанында менің де атым қалатын еді тапталып! –

Деп Қонаев бетімнен сүйді, жанары, жүзі шоқтанып.

 

Иә, Қонаев қырық екі қала салдырды қазақ жерінде,

Қыспақта қалған ел мұңын қолдап жүрді әркез дара сенімде.

Түркіменстанға беріле жаздаған Маңғыстау жерін қорғауда,

Хрущевпенен қармасқаны үшін шатылды басы сан дауға.

Ұлттық мүдде сөз бола қалса отырды ол намыс өрінде,

Ол осы істері үшін тұруға тиіс әркімнің көңіл төрінде.

 

Самғайтын ұлттық намысымыздың айбынындай боп атылып,

Желтоқсан рухы еліміздегі ең мәңгі жасайтын тақырып.

Бар қазақтың ой-санасында жүзеді ол рухи кеме боп,

Кейбір мектеп оқулықтарында Желтоқсан шындығы неге жоқ?

Кері тартатын кенделіктер ғой, пенделіктер ғой баяғы,

Уақыт ертең қателіктеріміздің бәрін де жолға қояды.

 

Желтоқсанның мұңлы шындығын ашқалы жүрген шағымда,

Талайдың иығын, беделін басқалы жүрген шағымда,

Кеңестік биліктің бас хатшысы Горбачев мені шақырып,

«Аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз!» демесе егер ақырып,

Сол кезеңде мен Ельцинге барып, сырымды түгел ашпасам,

Кейіннен Ресей Президенті болған оны бұл іске қоспасам,

Жас қауым үшін «нашақор», «маскүнем» деген сөз ауыр оқтан да,

Босанбай тұрғанда «Қонаевтың құйыршықтары» деген аттан да,

Егер Ельцин болыспаса,

(Әділдік заңы басқа заң...)

Желтоқсан парқы дәл қазіргідей ақталмас еді ешқашан...

Қозғалмастай ғып Желтоқсан рухына қойған ол кезде тор жасап,

Халықтық мұңнан  бөлекше торыққандықтан ғана,

Әсіресе Ельциннен ерекше қорыққандықтан ғана,

Жаңа комиссия құруға амалсыз рұхсат берді Горбачев...

Осының бәрін саралай білді, бағалай білді Қонаев,

Қай кезде де оның адамдық даңқы биікте тұрды зорайып.

 

Бірде Димаш Ахметұлы сырқаттанып жатқанда,

Ұқсап науқас өмірінің құпиялы зор қылмысын тапқанға,

Үйіне оның КСРО прокуроры Калиниченко еніпті,

Еніпті де Қонаевқа былай сұрақ беріпті:

– Сіздегі зор мүмкіндікті Құдай сірә, ұсынбаған әркімге,

Біздерге аян, Сіздің үлкен ақшаңыз бар Швецария банкінде!..

– Бәрекелді, айлар бойы тапжылжымай тексердіңіз армансыз,

Байқауымша мені үлкен ұрылармен шатастырып алғансыз.

Енді былай келіселік: Швецария банкінде ме және басқа аймақта

Ақшам болса сіз алыңыз, сіз батыңыз нағыз шырын қаймаққа.

Тіпті осылай заңдастырып, өзіңізге қолхат жазып берейін! –

Деп Қонаев жымысқы, қу прокурорға сездіріпті ой-мерейін.

 

Калиниченко былай депті:

– Енді ғана терең, ұқтым, түсіндім,

Босқа өткенін Сізге тұзақ құрсам деген қасиетсіз ісімнің.

Мен қанша рет өзін адал көрсететін адамдарды тексердім,

Қанша жемқор пенделердің қабырғасын бөксердім.

Сіздей таза басшыны мен, шынымды айтсам, бірінші рет көруім,

Енді Сізге тас атқаннан, әлдеқайда жеңіл болар өлуім.

Адал екен әр ісіңіз, ұласса да саяси зор өртпенен,

Бұдан кейін ешуақытта маңыңызға жуымауға серт берем!

 

Содан бері көп жыл өтті... Шындық рухы қазір мүлде байланған,

Шексіз байлыққа бой алдырғандар, қатерлі күшке айналған.

Іскер басшы дегендердің де едәуірі алғыр ұрылар,

Енді оларда қауқар бар ма, ұлттық мүддеге бұрылар?

Ал Қонаев жан және тән тазалығын әркез берік қармаған,

Дүниеге мүлде қызықпауы жағынан теңесер басшы бар ма оған?

Кей кемшілігі мен батылсыздығын мойындай білгені үшін де,

Рухы құлаған жұрт ортасында тұрады ол дара пішінде.

Өзгеше шыншыл, тазалығы үшін бағалануы тиіс әр маржан,

Пәктікке бөлек ескерткіш керек айдарлы аппақ мәрмәрдан.

Бір таза басшыға ескерткіш қойылса – ол әзірге Қонаев!

Жас басшы бар ма пір тұтар оны?

Ойлана бір сәт қарайық.

Қонаевқа тазалығы үшін еліктей білмеу – зор айып!..

Ендеше, досым, сол ескерткіштің рухына демеу болайық!

0 пікір