26 Мамыр 2019

ЖЕҢІЛІП ТҰРЫП ЖЕҢІЛМЕУ немесе БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КЕШІРІМ СҰРАУЫ


15/09/2018 176 0

Мұхтар ШАХАНОВ

«Мен ол кезде әр адымын еркін, батыл басатын,

Айтқанынан қайтпайтұғын, едім қайсар жас ақын.

Өз негізін алған адам сияқтанған дауылдан,

Бірде маған хабарласты Момышұлы  Бауыржан.

Сәні кеткен туған тілде таусылғандай ой кені,

Біраз уақыт телефонда ол, тек орысша сөйледі.



  • Кешіріңіз, – дедім оған – ұлтсыз қазақ парықсыз,

Мені орыс адамымен шатастырып алыпсыз?



  • Жо-жоқ – деді ол, – үнің сенің неге ызғарлы, неге тоң,

Мен жас ақын Шахановқа соғып тұрмын телефон!

 



  • Ал, Шаханов сізше қалай, айналған ба, орысқа,

Әлде орыс тілділермен түскен жан ба жарысқа? –

Дедім тағы қызынып,

Қазақтың нар перзентіне көңілім күрт бұзылып. –

Сіз әрқашан елімізде ұлттық мүдде дегенде,

Дара тұлға болатынсыз шығар дара кемерге.

Қазаққа орыс тілінде айтқан ойыңыздан қатайдым,

Мән берместен сөзге, ендеше,

Бағытыңыз өзгермесе,

Бәлкім сізді бұдан былай «Печеньжан» деп атаймын?

Ешкімді де жөнсіз, ретсіз ұстатпайтын сауырдан,

Қаймықпайтын мінезбенен қиындық пен ауырдан,

Қазаққа ана тілде сөйлеп, күш ашсаңыз дауылдан,

Сонда ғана атанасыз нағыз ұлы Бауыржан!

Жан емессіз пайымсыздық жеңе алатын ақылын,

Сондықтан да сізді мүлде түсінбедім, батырым.

Сөзіңіз бен ісіңіздің арасы –

Бүгін неге екі жарым шақырым? –

Деп телефон трубкасын ызбарлана тастадым.

Уақыт өтпей қас-қағым,

Менің қайсар мінезіме үндемей бас шайқаған,

Телефоным шылдырады қайтадан.

 



  • Кешір, Мұхтар, – деді Баукең – иттігіме дес берме,

Қаншама жыл тек орысша сөз құрадық әскерде.

Билікте де орыс рухты адамдардан күш көру,

Оларменен араласу, рухсыздыққа тістену,

Тек сол тілде әлгілерден ойлы, ойсыз іс көру,

Орысша ойлап, әр түн сайын тек орысша түс көру,

Біз сорлыны алып келді нақ осындай жағдайға,

Ұлтсызданған қызмет те ұлт намысын қорлайды ә?

Бір сәт дұрыс ашпағанға ұлттық мүдде есігін,

Беделімді бес тиын ғып, сұрап тұрмын кешірім.

Кешір мені, айналайын, енді мүлде өзгерем,

Қазақпенен тек қазақша сөйлесуге сөз берем!

 

Айтты – бітті, еш күш оған бола алмайтын бөгесін,

Қазақтың өр ұлы адамы орындады өз уәдесін!

Бұл күндері бой көтеріп кейбір өлке, қаладан,

Рухсызға найза іспетті атылып,

Жұртты сана биігіне шақырып,

Ескерткіш боп шырқау көктен қол бұлғап тұр сол адам...

....................................................................................................

Иә, ұлы тұлғаның да осал тұсы болады.

Қателігін, бірақ, батыл мойындау,

Қателігін қатал шындық биігінде пайымдау,

Сол тұлғаның қайталанбас жеңісі боп қалады.»

0 пікір