06 Маусым 2020

Ақын шығармасындағы ақиқат пен аңыз


27/03/2020 94 0

                                               Мұратымның төрінде тұрақтаған,

                                               Саған досым тағы да сыр ақтарам,

                                               Мүмкін дархан шығармын, кең шығармын

                                               Көзсіз мақтау айтпаңдар бірақ маған.

                                                                           МҰХТАР ШАХАНОВ

Ақын шығармасындағы ақиқат пен аңыз

Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты, Альферд Нобельдің алтын медалының иегері Мұхтар Шахановтың әдебиетте өз орны, өз қолтаңбасы, өз стилі бар арқалы азамат ақын.

Жол бастаймын мен ешкім бастамаған,

Өзіме шақ көгілдір аспан алам,- деп жыр додасының  бәйгесіне қосылған ақын.Замандастарының алды болмаса да бір шоғыр топтармен үзеңгі қағыстырып қатар келеді. Қазақтың бай көне мұрасы ауыз әдебиетін шығармасына молынан пайдаланып, жазба әдебиетін егіз қозыдай бір анаға  теліп, екеуін қатар қойып шебер меңгерген. Шығармасының көбі аңызбен басталып,ақиқат ойлар туғызады. Өнегелі сөздермен өрнектеліп болып, шыншыл образы мен көз алдында бір әлем болып экраннан көргендей көпке дейін ойыңнан кетпей жүреді. Анау бала кезде оқыған «Ертөстік», тау көтерген «Толағайлар» күні бүгінге дейін жадымызда сақталып жүргені сол аңыздың адам ағзасына тигізген әсері деп білген жөн. Қалай десек те қазақтың төл мұрасын төкпей, шашпай қауызынан аршып, дәнін кейінгі ұрпақтың алақанына салып бергенге не жетсін. Қолдан келе бере ме ел билемек демекші, ол кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін шебер мүсінші, шешен тіл керек. Мысалы «12-ден  3-ті алуға болмайды,-деген шағын поэмасында жау қолына тұтқынға түскен ханға қойылған қарсы жақтың сұрағының  шешуін өзінің атқосшысы жас жігіттің тарқатып айтып беруі үлкен философиялық ойға жетелейді. Бір жыл 12-айдан тұрады. 12- айдан 3-ай көктемді алып тастаса қалған 9-айдан қандай жеміс күтуге болады.

Көктем деген табиғаттың таңғажайып ерлігі,

Ол ерліктің даңқын адам қағамайды шеткері,

Ал жастық шақ – адамзаттың көктемі.

Ханның соғыста жеңілу себебі де осында жатыр. Елінде жастардың кілең маубастарға санап адам санатына алмайды. Адам өмірінің үш ай көктемі жастар екенін мойындамайды. Соғысқа қолбасшыларын қаба сақал, қасқа бас шалдардан сайлайды. Соғысқа да шалдар түсті. Ақыр соңында оңбай жеңілді. Міне ханның бар қателігі осында. Кеш түсінген қателігінен хан бармағын шайнады.

«Сейхундария» поэмасы сахналық шығарма, драмалық үлгіде жазылған. Бұйхан суға кеткен жас баласын жанын салып өлім аузынан құтқарып қалған жігітке сыйлық ретінде өз талабы бойынша дариядан бір бұрма құлақ су беруге келісті.

Үлкендер жағы ойласа келіп сусырап жатқан Қызылқұмға арықты ыңғайлы жерден бұрды. Ағыс бос құмды, қазып ағып, арнасына кеңейтіпғ ертеңіне бүкіл Сейхундария қызыл құмға аунап кетті.

Сөйтіп дария басқа арнамен аға бастады.Шөліркеп жатқан Қызылқұм суға қарық болып қалды. Шындығына келсек, Сейхундария басынан не замандар өтпеді дейсің. Қара басы емес халықтың қамын ойлаған жігітке де сүйсіне қарайсың.

Нарын трагедиясы –кеше ғана қазақ елі басынан өткен уақиға. Шомбай жігіт әкесіне былайша деп мақтанды.

Топ бастадық төрт адам,

Махамбеттің жақыны

Ықыласты үгіттеп

Қосып алдық ортаға

Басын кесіп, сыйға тарттық

Баймағамбет сұлтанға.

 –Бәрекелді,-деді әкесі күрсініп, бүкіл қазақ ғашық болған аққу тектес ақынды атқан баласына жиіркенішпен қарап тұрып қолына алды садағын. Шындығында Махамбеттің басын өз елінің опасыз ұлдарының бірі алғанын тарих мойындайды. Опасызды халық атты ма, атпады ма кім білсін ел назасына, қарғысына ұшырайтыны анық. Жалпы өлеңнің өміршеңдігі дегеніміз аз сөзбен көп мағына білдіріп, айналасы жұп-жұмыр тегіс келіп жүрекке жол тарту ғой. Қорқыт аңыздары Жиренше шешен тапқырлығы, Аяз бидің көрегендігі оқырмандардың ойын оятып, қиялын қанаттандыру қандай жарасымды, ақиқат.

Кете деген балық уылдырығын шашар кезде Ақжайықты бойлай жүзіп, шаршап-шалдығып, пәленбай күн жол жүреді екен.

Амал қайсы бәрін де көру керек,

Ұрпағы үшін оған да көну керек.

Кетелердің тағдыры қандай қатал

Уылдырық шашқан соң өлу керек.

Ал ақиқатына келсек.

Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,

 

Арманың арман емес.

Өйткені, ұрпақ тағдырынан маңызды

Бізге дейін ештеңе болған емес

Және бізден кейін де ештеңе болмақ емес.

Поэзияның құдіреті бүкіл ойыңды бір дәшің қауызына сыйғызу ғой.Ұрпақ тағдырынан ұлық ештеңе жоқ.

Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір ауласына келіп қонған бүркітті ұстап алыпты.Бір жақсылық жасау үшін майысқан деп тұмсығын жонып,түзеп, өсіп кеткен екен деп өткір үшкір тырнағында пышақпенен отап алып тастапты. Хан еліне жар салады.

 –Талмас қанат, алмас қылыш бүркітімді жоғалттым, тауып берген адамға, ат басындай алтын сыйлау қиын емес. Жұрт бүркітті іздеп тауып хан алдына кемпірді алып келді. Хан бүркітін көріп, мұңды ойға батып:

–Тағдырыңды ғасіретке байлаған,

Ап шығалман бұл тұйықтан қайраңнан

Хош бол құсым-дейді патша қыранға,

Өлген жақсы қасиетін жойғаннан.

Сонан кейін кемпірге бұрылып,

Иә, кемпірім аман ба

Сендей жомарт адамдар

Ауадан да қажет біздің қоғамға,

Әттең... әтең осы дархан  пейіліңне,

Ақылыңның сай келмеуі жаман да.

Жаның адал, адал сонан асың да.

Ат басындай алтыныңды ал,тосылма.

Бірақ мына алтын алған қолыңды

Қалдырып кет осында.

Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да,

Қауіптісің халыққа.

Аңыз ақ көңіл, адал, аңқау ақылсыздың жомарттығы жаудан да қауіпті екенін көрсетеді. Мұхтар шығармасының өн бойында  бұндай мысалдар мен теңеулер толып жатыр. Оның бәрін айта беруді мақсат етпедік. Негізгі айтайын деген ойымыз ақиқат пен аңыздың шынайы шындығы адам санасына тигізер пайдасын пайымдай білуде.Мұхаңның баспадан шыққан соңғы кітабы «Жаңа қазақтар» аңыз бен ақиқатқа құрылып жазылған шығармалары әдебиетімізге өлмес мұра болып рухани байлығымызға қосылған үлес.

Ақынын аққуына теңеген, ақынын алақанына салып сыйлаған, ақынына астындағы атын-түсіп берген қазақ халқы ақындарын бүгінде биіктеп көргенді ұнатады.

Иә, өлең өміршең болсын. Өмірде «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді», деген мақалының түп негізі, тірегі, темір қазығы- аңыз бен ақиқат.

                                                        Бимұрат ҮСЕНОВ

                                                        Ақмешіт апталығы

                                                        №41, 10 наурыз, 2003 жыл 

0 пікір