06 Маусым 2020

Ақынды сағынған Атырау


20/03/2020 64 0

Ақынды сағынған Атырау

он үш сағат жарым бойы аяғынан тік тұрып тыңдады

Маусымның 15 күні кешкі сағат 19.00-де Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайында ақынның шығармашылық кеші өтті. Кешке халық көп жиналып, залда ине шаншар жер қалмады. Орын жетпегендер түрегеліп тұрды. Есіктен М.Шаханов көрінгенде халық оны орнынан тік тұрып қарсы алып, құрмет көрсетті.

Кешті жүргізген танымал жазушы, жерлесіміз Рақымжан Отарбаев «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атанған, Халықаралық Эйнштейн, А.Нобель алтын медальдарының иегері, бірнеше шетел академияларының мүшесі, қазақтың біртуар ақыны М.Шахановқа Жайық өңіріне қош келдіңіз айтып, сахна төріне шақырды. Махамбет атындағы драма театры әртістері ақын алдынан шығып, шашу шашты.

Мінбеге шыққан ақын алғы сөзін өзінің «Жайықпен жүздесу» атты өлеңін оқумен бастады. Атырау жеріне келуді өзіне қуаныш санайтынын айта келе, ақын тіл мәселесіне тоқталды.

Облыс Әкімінің орынбасары Р. Мүрсалиева Атырау халқы, облыс, қала басшылары атынан ақынға осындай тамаша сұхбат үшін алғыс айтып, «Аналар» атты суретті естелік ретінде ұсынды. Және осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған «АИНА» фирмасының басшысы Н.Есқалиев бастаған жергілікті кәсіпкерлерге ризашылық білдірді.

Р.Отарбаев Мұқаңа арнаған әңгімесін оқыды. Онда сол бір зобалаң кездегі ақынның Орталық Комитет қызметкерлерінен көрген әділетсіздіктері туралы айтылған еді. Бір сәт мұңлы шағы есіне түскен Мұхтар аға көзіне жас алды...

Онан кейін ақын қайратына қайта мініп, көрермендер сұрақтарына жауап қайтарды. Жақсылықты ұмыту пенделігі төңірегінде алапестерді емдеген Иса пайғамбарды олардың онының тоғызы ұмытып кетіп отырғанын айтса, Қажымұқан бабамыз туралы өз үйінде болған естеліктерін баяндады. Бала күнінде әкесінің өтінішімен аузына түкірген Қажымұқанның рухы балуандықты бермесе де, ақынға рух биіктігін сыйлағанын мақтанышпен еске алды.

Мұхтар аға, сондай-ақ, қазіргі кезде теледидардан берілетін неше түрлі көргенсіз, әдепсіз қылықтарды, сондай каналдарды қатты сынады.Бізге тәрбие, рухани азық беретін каналдар ғана керектігін айтып, ал бейбастық хабар көрем деушілерге бөлек, ақылы (төлемақысы қымбат) канал шығару қажеттігін де атады. Осы тұста шетелдің жаманын ғана алып, жақсылық жағын көре алмайтындығымызға қынжылтатынын білдірді.

-Біздің ұлттық идеологиямыз ата-бабадан қалған ырым-тыйымдарда жатыр. Қолыңды төбеңе қойма, үйді айналып жүгірме,табалдырыққа керілме, біреуге қарап күлме, есінеме деген сияқты толып жатқан тыйымдар бар. Солар біздің шын бет-бейнеміз, ұлттық бояуымыз еді. Ал қазір ең қарапайым нәрсе – үлкенді сыйлаудан қалып барамыз. Қоғамдық көліктерде жастар бүкшиген  кәрілерге орын бермейді. Тіпті жөндеп сәлем беруді де ұмытып барамыз. Америкада, Түркияда тағы басқа шетелде балаларымыз оқиды деп мәз боламыз. Олар елге мол біліммен оралады дейді. Алайда білім рухани байлыққа тамыр жібермесе, ол елге, ұлтқа қасірет әкеледі. Қазір іскер болсаң болды. Рухани мешеусің бе, ол есепке алынбайды. Рухани байлықсыз ештеңе де алға баспайды,- дей келе Қызылорда қаласындағы бес жасар қыздың «Нарынқұм трагедиясы» өлеңін жатқа айтқанын, мұның өзі тағдырдың маған сыйлығы ғой деп есіне алды ақын. Осы тұста ақын «Жаңа қазақтар» деген өлеңін оқыды. Ақынның әр сөзі айтылып, өлеңі оқылған сайын зал шапалақ ұрудан тынбады.

Ыстықтаған ақын костюмін шешуге рұқсат сұраған кезінде:

-Бұрын «Қарын алға шықса,  дарын артқа кетеді» деуші едім, енді өз бойыма қарап ақтап алуым үшін «Қарынсыз адам дарынсыз» дейтін болдым,-деп әзілдеп те алды.

Кеш барысында  облыстық жас ақындары Мұхтар Шахановқа арнаған өлеңдерін оқыды, Атырау әншілерінің орындауында ақынның әндері де шырқалды. Мұхтар аға өз тарапынан жауқазын қауымға сәттілік тіледі.

Желтоқсан оқиғасы, Шыңғысхан төңірегіндегі талас-тартыстар жөнінде де көрермен қауыммен пікір бөлісіп, тұшымды әңгімелер айтты. «Компьютер басты жарты адамдар», «Жетінші түйсік», «Орташа мен ұлылар»т.б. көптеген өлеңдер оқыды. Шара соңында М.Шаханов кеште өзіне берілген сый-сияпаттарды жүзі таныс аға-апаларына үлестіріп беріп тұрып:

-Пейілдеріңізге рахмет. Мен Қазақстанның ешқандай атақ-дәрежесін алмаймын деп өзіме серт бергенмін. Өйткені Қазақстан – менің Отан-Анам. Анаңа қызмет еткенің үшін ақы алмайсың ғой. Ал шетелдікін аламын. Мен себебі өз елімнің перзентімін. Жалпы бізге қай істе де, барлық салада да (саясат, техника, ауыл шаруашылығы, т.б) алып болу керек. Орташалар толып жүр. Сол сияқты қуыршақ министр, қуыршақ әкім, қуыршақ кеденші т.б. көп. Бізге керегі ұлттық намысы бар, өз ойы мен пікірі бар алыптар ғана,-деді.

Дарынды ақын, алып тұлға М.Шаханов сөзінің соңында: «Атырау – Қазақстанның рух қаймағы бұзылмаған өлке» деп баға берді. Үш сағат жарым уақытқа созылған кештен шығып бара жатқан көрермендер «уақыттың қалай тез өткенін байқамай да қалдық қой» деп тарқасты.

Қ.МҰҚАШЕВ

0 пікір