06 Тамыз 2020

«Халық рухы» партиясына кім қарсы?


18/03/2020 100 0

                           

Тәуелсіздік алғалы бері 15 жыл бойы қазаққа басқаша, орыс пен орыс тілінің  аясында шоғырланған азды-кемді диаспораларға басқаша көз қысып, екі түрлі аудитория алдында әрқилы мәселе көтеріп келген билік елімізде қазақ ұлтшылдағының өрістеп бара жатқанын түсініп жатқандай. Бұдан былай қазақпен санаспауға болмайды. Қазақ – көпшілік. Қазақ – мемлекет құрушы ұлт. Қазақ –«Қазақстан» атты мемлекеттің түпқазығы, тамыры, жүрегі. Келесі президент сайлауында ұлттық мәселенің басты саяси тақырыпқа айналуы да әбден ықтима.

ҰЛТТЫҚ ҰЙЫМҒА ОППОНЕНТ – «ҰЛТТЫҚ ҰЙЫМ»...

Қазірше президент сайлауына ертерек. Әйтсе де кейбір сарапшылардың пайымына сенсек, бұдан былай ұлттық мәселені бағдарламасына енгізбеген президенттікке үміткерлер, партиялар мен қозғалыстар басты аудиторияның назарын аулай алмайды. Өткен ғасырдың 90- шы жылдарының басында елімізде таза ұлттық-патриоттық қозғалыстардың көптеп ашылғанын тарихтан білеміз. Бұл күндері 90-шы жылдардың басындағы үрдіс қайталанып жатқандай. Тәуелсіздікке біз «Алаш», «Желтоқсан», «Невада-Семей» сияқты ұлттық бағыттағы қозғалыстармен келсек, бүгінде Қазақстанда бір емес, 14 ұлттық бағыттағы ұйымдар мен қозғалыстар қызмет етіп келеді. Бір өкініштісі, олардың қатарында саяси қару ретінде пайдаланып, нағыз ұлттық ұйымдардың аяғын шалуға дайын «клон қозғалыстар» да бар секілді. 15 жылдан бері мемлекеттік тіл мәселесі толыққанды шешілмей келеді, оның үстіне Шелек, Маловодное, Теңіз, КазАтКом ауылдарындағы қазақ пен өзге азды-кемді диаспора өкілдері арасындағы қақтығыстарбар, бұл аздай Ассамблеядан Парламентке 9 ұлт өкілінен 9 депутат сайлау мәселесі ұлттық ұйымдардың жандана түсуіне септігін тигізіп жатқаны анық. Парламентте тіл мен дін, ұлттық қауіпсіздік мәселесін шырылдап-ақ көтеріп келе жатқан Мұхтар Шаханов «Халық рухы» партиясын құрмақ ниетін білдіргенде, Шелек оқиғасынан кейін «Ұлт қалқаны» комитеті ретінде құрылған ұлттық ұйымдардың қақ жарылғанын қалай түсінуге болады? Әрине, «біз Шелек оқиғасынан кейін уақытша құрылған одақ едік» дейтіндер де табылар. Бірақ ұлттық мәселе мен азаматтық позицияның уақытша болуы мүмкін емес қой. Кезінде Мұхтар Шаханов көтеріп жүрген тіл мәселесін қолдап-қолпаштап жүрген кейбір «патриоттар» бүгін сол ұлттық мәселенің арғы шетінен бір-ақ шықты. Шаханов –белгілі саяси тұлға. Ұлт тұлғасы. Шаханов десе-тіл, тіл десе Шахановтың еске түсетіні –тұлғаның көп жылдардан бері ақындық жолында да, Парламентте де тайсалмай ұлттық мәселені көтеріп, біраз мәселенің шешілуіне тигізген еңбегі болса керек. Өзінің азаматтық позициясына өзгертіп жүргендер көп-ақ. Бірақ бұл өмірде бір ғана нәрсе өзгермеді –Шахановтың тілдік ұстанымы. Ал, енді позициясын өзгерткендер жайлы айтсақ. Шелек оқиғасынан соң «обай, қазағым» деп бас қосқан ұлттық ұйымдардың жиынына қатысып, кейін «Ұлт қалқаны» комитетінің төрағасы ретінде өзін ұсынып, кейін төраға атанған Жақсыбай Бәзілбаев – Шахановтың «Халық Рухы» құрылуы тиіс партиясына қарсы шығып, тіпті Беляковтың «Ресейлік отандастар» қозғалысынан бір-ақ шықты. Өткен аптада 31-телеарнаның «Тұжырым» бағдарламасына  қатысқан  Жақсыбай Бәзілбаев «Ресейлік отандастар» қозғалысының құрметті саяси сарапшысы ретінде «Халық Рухы» қозғалысына қарсы біраз ойлар айтты. Қазақ бола тұра тіл мәселесін көтеретін ұлттық ұйымға қарсы сөйлеуі сырт көзге оғаш көрінді. Бірақ Бәзілбаев мырзаға қарсылас ретінде бағдарламаға қатысқан Сабыржан Шүкірұлының ұпайы жоғары болғаннан ба, президенттікке экс-үміткер соңғы ақпараттық шабуылына кірісіп: «Құранның 354-ші бетінде «Ақынның жолы адастырар»-деп бір-ақ салды. Астапыралла, «Құранның 354-ші беті» деуге болар ме екен? Қасиетті Құран сүре, аяттармен сөйлейді емес пе? Ал, әлгі сөздің ақ-қарасын Бәзілбаев емес, білікті дінтанушылар айтуы керек. Осындай ойлы Жақсыбай Бәзілбаев аздай, Гүлбахрам Жүніс деген тағы бір кісі Шахановқа шүйлігіп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ақын ағамызға бұдан былай желтоқсандықтар атынан «шапан кигізбейтіндігін» мәлімдеп үлгерді. Бұл ойын ол орысша жеткізді. Шахановтың ерлігін біздің бәріміз білеміз. Ал, кейбір көпшілікке белгісіздеу адамдардың арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Халық рухына» шүйлігуіне не себеп?

Енді орыс-славян ұйымдары жайлы сөз қозғасақ. Бүгінде Безілбаевты қатарына алған «Ресейлік отандастар бірлестігі» атты республикалық ұйымның төрағасы Геннадий Беляков: «Халық Рухы» партиясын құру ұлтаралық келісім саясатына қайшы»- деп отыр. «Қазақстан тудей» агенттігіне сенсек, Г.Беляков мырза «Халық Рухы» партиясының құрылуы «Саяси партиялар туралы» заңның «азаматтарға кәсіби, нәсілдік, ұлттық, этникалық және діни тобына қарай саяси партия құруға жол берілмейді»-деп мәлімдеп қоймай: «Бұл партия жеке ұлттың мүддесін, яғни қазақ ұлтының мүддесін қорғайды»-деп, дабыра көтеріп отыр. Ең алдымен айтарымыз, Қазақстанда ұлтына қарай 9 депутатты Парламентке сайлап жатса, қазаққа да өз тілін қорғауға неге қамданбасқа?! Екіншіден, Беляков мырза Қазақстанда қазақ, мүддесінің көтерілуіне қарсы болса, біз ұлттық мүддемізді қазақ жерінен басқа қай жерде көтере аламыз? Егерде Ресейдің Орынбор, Омбы, Астрахань (Қажытархан), Томбы қалаларында тұратын 1,5 миллионнан астам қазақ Ресейде орыс мәселесінің көтерілуіне қарсы емес, ал Беляков мырза бізге мін тағады. Бірақ, өкінішке қарай, Ресейде көптеген қазақ мектептері жабылған, қазақ баспасөзі мен телевидениесін көруге мүмкіндік жоқ. Егерде Ресейдің бұл тірлігі мемлекет мүддесі үшін жүзеге асып жатса Қазақстан да мемлекет мүддесіне бекем болуы керек қой. Геннадий Беляковтардың қазақ мәселесіне қарсы болуының өзі ұлтаралық келісім саясатына кереғар емес пе?! Қазақ мәселесі-мемлекет мәселесі. Яки, кейбір орыс-славян ұйымдары мемлекет мүддесіне қарсы шығып отырғаны ма?! Қазақтың өз елінде ұлттық мәселесін көтеруге құқы бар. Ал, бұл құқықты қылмысқа балау – ұлтаралық келісімді бұзудың бірден-бір жолы.

Бүгінде «Халық Рухына» қарсы қолдан жасалғанын оппоненттер жетіп артылады. Бұл да өзі саяси ойын.

Конституциямызда айқын жазылғандай билік – халықтың қолында. Халық ұлттық мүддесінің сақталуын қалайды. Түбінде қазақтың нағыз ұлттық ұйымдарына қарсы «клондық ұлттық қозғалыстар» мен кейбір орыс-славян бірлестіктерін айдап салу жақсылыққа апармайды. Кімнің ақ, кімнің қара екенін тарихтың өзі айшықтайды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА,

                                                                  «Түркістан»

31 мамыр 2007 жыл

0 пікір