06 Маусым 2020

Арқаға ақын келді жалындатып...


01/03/2020 65 0

Алдыңгүні Қарағандыға қазақтың қазіргі аты мәшһүр ақындарының бірі, Халықаралық А.Эйнштейн, А.Нобель алтын медальдарының иегері, бірнеше шетел академияларының мүшесі Мұхтар Шаханов арнайы сапармен келіп қайтты. Ақын алдымен ат басын Қарағанды экономикалық университетіне тіреп, студент жастармен, оқытушыларымен емен-жарқын әңгімелескен кездесу өткізді. Түстен кейін дәл осындай жарқын жүздесу Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде де болды.

Заты, қазаққа Мұхтар Шахановтың кім екенін ежіктеп айтып жатудың өзі ерсі. Бір ғана қайырлатыны жері – бұл кісінің махаббат пен достықты дәріп еткен, адамзаттың ұлы құндылықтарын ұлықтауға бар күшін сарп еткен өлеңдерін бүтін бір толқын жастана оқып, жаттап өскендігі. «Мұхтарды Мұхтар қылған оның саясат сахнасындағы батылдықпен өткірленген қылыш қыры емес, жүректерді жаулаған жақұт жыры» - деп жүр қазір оның өмірі мен шығармашылығын қадағалағандар. Десе де, ақын ағамыз кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, саясаттың қайнаған қазанының буына шарпылып жүріп те, ел мен елді елдестіріп, бауырлас қырғыз елінде елші болып жүргенінде де қолынан қаламын тастамай, поэзия ұлысынан ұзап кетпегені көпке мәлім. Ол ол ғой, кейінгі он жылдың бедерінде Шаханов шығармашылығы құдіретті поэзияның бетіне шыққан сорпасын қалқып ішіп, тым терең философиялық мән-мағынаға ие болды, шыңбиік ғалами-адами асқақ ұғымдар ұмсынған һәм адамзат қоғамының күрделі рухани проблемаларын көтерген сипат алды. Оған айғақ – ақынның әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделік құпиясы) атты өлеңмен жазылған романдары. Классик ақынның бұл туындылары талғампаз жырсүйер қауымнан, аузын айға білеген сыншылардан әлдеқашан өзінің лайықты бағасын алып та қойған.

Облысымыздағы қос ордалы білім ошағы – Қарағанды экономикалық университетінде және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де өткен кездесулерді аталған оқу орындарының ректорлары Ерқара Аймағамбетов пен Жамбыл Артықбаев ашты.Тіпті, Ерқара Балқараұлы ақынның өлеңін жатқа оқып, көрерменнің көңіл-күйін бір көтеріп алды. Сарайға сығылыса мол жиылғн студент-жастардың, жырсүйер қауымның (Сарайға сыймай қалып, сырттан телміргені қанша десеңізші?!        )алдында Арқа төсіне ат сабылтыа келген ақынның азаматтық һәм қайраткерлік болмыс-бітімі турасында, оның қазақы шамадан асыл ғаламды шарлап кеткен шығармашылығы хақында жылы лебіз білдіргеннен кейін, сөз тізгінін Мұхтар Шахановтың өзі алды.

Мұхаңның өзі айтқандай, қазіргі уақытта бұл кісі мемлекеттік деңгейдегі жауапты жұмыстардың жүгі мойнынан түскеннен кейін, біржолата шығармашылықтың аулына ат шалдырыпты. Бірде шығып, бірде тоқтап, шаруасы шатқалаяқтап кеткен «Жалын» журналын өз қолына алып, мазмұнға бай, айнала мақсаты жұп-жұмыр әдеби басылым шығармақ екен. Бір айта кететіні, ақынның бұл ой-мұраты Елбасы мен Үкімет тарапынан түсіністік тауып, қолдауға ие болып отырған көрінеді. Ақынның Арқа төсіне келген сапарының бір себебі осы «Жалын» журналының өзін жатса-тұрса мазалап жүрген қат жұмыстары –журналды тарату мен насихаттау ме деп қалдық. «Жалыннан» -деді М.Шаханов –қазақтың ең талантты ұл-қыздарының шығармаларын көргім келеді. Журнал шын мәнінде әдебиет әлеміндегі талантты жастарды тауып беретін қайнардың көзі болса деп тілеймін». Ақын студент-жастар арасында талаптың тұлпарына мініп, тас қияға сермегендері болса, «Жалынмен» етене жақын араласуға шақырды. «Жалын» демекші, кездесуде ректор Е.Аймағамбетов журналдың мың данасына жаздыруға ықпал ететінін айтса, ҚарМУ-дың басшысы Ж.Ақылбаев бұдан екі есе данаға жаздыратынына уәде берді.

Ақынмен кездесу үстінде қалайша жырға жол берілмесін?!. Мұхаң қазір өлеңмен «Антрактиданы қиратқан алма» деген роман жазып жүр екен. Содан және жуырда ғана қазақ тілінде жарық көрген «Компьютербасты жарты адамдар» атты кітабынан (Ақынның бұл шығармасы орыс тілінде жазылған. Қ.К.) өзіне ғана тән еліктіргіш екпінмен, машықты мәнермен жыр сүйер қауымды үздіктіріп үзінді оқыды. Бұдан кейін жырсүйер жастардан сұрақ деген қарша борады. Жастарды кезінде Мұхаңның өзі көтерген Желтоқсан мәселесі төңірегіндегі кейбір түйткіл жәйттер, кейінгі уақытта Шахановқа да шарпуы тиген Шыңғысхан жайындағы дау-дамай, ақынның болашақтағы шығармашылық жоспары, бәрі-бәрі қызықтырады екен. Ақын студент-жастардың осы және басқа да көптеген тақырыпты қаузаған сұрақтарына ыждаһатпен жауап берді. Үлгермегендеріне бір реті келсе, теледидар жүзінде жауаптассам деген тілек айтты. Содан кейін кезек қолтаңбаға келіп, ақын сүт пісірім уақыт өзінің шығармашылығына ден қойған оқырмандарына шын пейілден ескерткіш қолтаңба қалдырды.

Екі университеттегі кездесуде Мұхтар Шахановтың жанында Арқаның ардақты ақыны Серік Ақсұңқарұлы жүрді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» демекші, Мұхаң Секеңнің шығармашылығы жайында жылы-лебіз білдірді. Қонақжай Қарағанды қаласына, құшақ жая қарсы алған азаматтарға, оның ішінде қазақтың дәстүрімен иығына шапан жауып, жолдан жығылмаған қос ректор – Ерқара Аймағамбетов пен Жамбыл Ақылбаевқа бек разы болған Мұхаң сахнада тебіреніп тұрып, телегей-теңіз алғыс ақтарды. Алла қаласа, амандықта Арқаға жиі келіп тұратынын айтып, өзі деген оқырмандарымен қимай қоштасты.

Қайрат КИІК

Орталық Қазақстан

6 желтоқсан, 2003 ж.

0 пікір