06 Маусым 2020

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Е.М.ҚОСЫБАЕВ мырзаға Ашық хат


21/02/2020 50 0

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Е.М.ҚОСЫБАЕВ мырзаға

Ашық хат

«Ана тілі» газетінің осы жылғы 30 маусымдағы санында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Шахановтың «Неге кәсіби мамандарды шетелден шақырамыз?» деген тақырыппен жарияланған депутаттық мәлімдемесін оқып бір таңқалсақ, оған 26 депутаттың, оның  ішінде В.Нехорошев, Е.Тарасенко сияқты т.б қазақ әдебиетінің ішкі проблемаларын мүлдем бейхабар депутаттардың қол қойғанына екі таң-тамаша болдық. Сонда қалай, «Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі М.Мағауин мен Б.Алдамжаровтың оспадарсыз әрекеттеріне... тексеріс жүргізіп... тиісті шара» қолдансын деп үкім айтып, мәлімдеме жасайтындай, Қазақстан Парламенті  Ш.Айтматов бастаған бір топ игі жақсылардың шығармасы сыналмасын, ағат пікірлері айыпталмасын деп қашаннан бері заң шығарып еді? Әсіресе, Ш.Айтматовтың сонау «Брюсельден телефон соғып» (егер ол рас болса). Шахановтан араша сұрағаны қызық екен. Қолынан қаламы әлі түсе қоймаған ХХ ғасырдың ұлы жазушысының өз әдеби ар-намысын баспасөз бетінде қорғамай, «өкпе-ренішін» министрлікке айтып шағынған дәрменсіздігін қалай түсінеміз?

М.Шаханов М.Мағауинді әдебиетіміздің бар мен жоғын саралап, ұлт тағдырының түйінді мәселелерін тереңнен толғаған мақалалар жариялағаны үшін «Жұлдыз» журналы «жеке мүддесіне қолшоқпар етіп келеді» деп байбалам салады, ал сонда өзінің Парламент мінберін пайдаланып, қазақша әліпті таяқ деп танымайтын кейбір әріптестерінен қол жиып,даңғыра қағуын не деуге болады?

Соңғы жылдары «Жұлдыз» журналында әдебиетіміздің бүгіні мен өткенін, көркемдік құндылықтарды заман талабына сай жаңаша зерделеуге тырысқан бірталай күрделі проблемалық мақала жарияланды. Олардың қай-қайсы да оқушыны бейтарап қалдырған жоқ. Көптеген пікірталас тудырды. Әрине, ол мақалалардың артық-кем кеткен, сыңаржақ субъективті тұстары да аз емес, солай бола тұрғанмен шығарманы талдаудағы жаңашылдық тәсілі, батыл ой, тосын  тұжырымдарымен құнды.

Біз білгенде Ш.Айтматов қазақ тарихы туралы қате ойлары, 86 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Колбинді жақтағаны үшін сыналды һәм Шаханов екеуі «Құз басындағы аңшының зары» деген кітапта А.Ақаев пен И.Кәрімовты көтермелей мақтап, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік қызметі, қайраткерлік беделіне көлеңке түсірмек болған әрекеті үшін сыналды. Бұл пікірлердің бәрі дәлелді де дәйекті. Сондай-ақ, оның шығармаларындағы көркемдік селкеуліктер туралы пікірді де орынды деп ойлаймыз. М.Шаханов Ш.Айтматовты қорғағыш болса, белгілі орыс қаламгерлері В.Бондаренко, Н. Кузьмин, т.б. ол туралы шығармалары әлсіз, басқа жазушылардың сюжеттерін пайдаланған, бар атағы дабыра деген тұрғыда жерден алып, жерге салып ағаш атқа мінгізгенде қайда қарады екен?

Әдебиет – творчестволық процесс, онда әрқилы пікірталас болып тұруы табиғи құбылыс.Бүгінгідей плюрализм заманында демократияның басты принципін  белден басып, шалағай шығармалары сыналғаны үшін өш алу мақсатында М.Шахановтың шала бүлінуі, депутаттық мандатын жеке бастың мүддесіне пайдаланып, Парламент арқылы әдеби сынға тиым салдырамын, М.Мағауинді қызметтен қудырамын деп мәселе көтеруі күлкілі нәрсе. Әдебиет мәселесі күшпен, әкімшілік тұрғыдан шешілмейді. Сондықтан мұндай оспадарлыққа, орынсыз байбаламға жол берілмейді деп сенеміз.

Қол қойғандар:

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Сайын МҰРАТБЕКОВ, Қалихан ЫСҚАҚОВ,Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Оразбек СӘРСЕНБАЕВ, Герольд БЕЛЬГЕР, Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ, Баққожа МҰҚАИ, Бек ТОҒЫСБАЕВ, Әшірбек СЫҒАЙ, Ахат ЖАҚСЫБАЕВ, Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, Қаржаубай ОМАРОВ, Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, Зейнолла ТІЛЕУЖАНОВ.

ҚӘ

№28( 2928)

 

0 пікір