30 Наурыз 2020

Ел боламын десең бесігіңді түзе


27/02/2020 17 0

Халық қалаулылары Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе», –деген аталы сөзін еске алып, биліктің әртүрлі тармақтарына депутаттық сауалдар жолдады.

Депутат Мұхтар Шаханов Қазақстан Республикасының Премьер министрі Д.Ахметовтің атына осы жылдың 2- ақпанында «Парламент пен Үкіметке ауруханадан хат» деген атпен сауал тастаған болатын. Онда еліміздің көптеген мәдениет ошақтары мен балабақшалары қалталы адамдарға түкке тұрмайтын ақшаға сатылып кеткенін айтып, енді сол халықтың мүлкін қайтарып алу керектігі турасында айтылған болатын. Сол депутаттық сауалына Үкімет Басшысынан жауап алады. Бірақ, Премьер –Министр ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен мемлекет мүлкін қайтарып алуға болатыны немесе болмайтыны туралы ештеңе айтпаған.

«1997 жылғы 14 қаңтардағы «Жекешелендіру мен қайта құрылымдаудың секторлық бағдарламасы туралы №65 қаулысы республикамыздың мәдени, рухани дамуына зор кедергі келтірді. Мемлекеттік тіліміздің де болашағына осы қаулы арқылы балта сілтенді. Яғни, Үкіметіміз қылмысқа бара-бар іс етті», - деп ашынады ақын.

«Тек Алматы қаласының өзінде 64 балабақша жекешелендірілген. Қ. Жұмалиев көшесіндегі бір кезде Мемлекеттік жоспарлау комитеті салдырған үлкен балабақша офиске айналған. Зенков көшесіндегі бүлдіршіндер үйінен «Пекин» мейрамханасы бой көтеріпті. Қазақстан Ғылым академиясының ғалымдарының балаларына арналған бақшаны мұнай алпауыттары басып алған. Атақты «Ертөстік» балалар бақшасының жартысын бір қалталы өзменшігіне алып алған... Міне, балалар мекемелері осылай шапқыншылыққа ұшырағандықтан бүкіл республикамызда  балабақшалар жетіспейді... Менің ұғымымша Қазақстан Үкіметі бұл проблемаға қайта оралуы тиіс. Прокуратура талан –таражға түскен балалар үйлерінің заңдылығын мұқият тексерсе, жауырды жаба тоқыған талай келеңсіз істер ашылғалы тұр», - дей келе, депутат Үкімет балабақшалары да мектептер сияқты мемлекет есебінен қаржыландырудың мүмкіндігін қарастырса деп, Үкіметіміздің мұндай азаматтық мінез көрсетуіне толық мүмкіндік бар деп үмітін артады. Елім деп, жерім деп, ұлтым деген жүрегі сыр бергеніне қарамай халқының келешегі балаларды ойлаған ақынның үкілі үмітін Үкімет жерге  тастамас деген ойдамыз.

Сәуле ДОСЖАНОВА

                                     Түркістан

Халықаралық саяси апталық

№12 (558) 24 наурыз, 2005 жыл.

0 пікір