30 Наурыз 2020

«ЖАЛЫН» қайта жарық көрді


25/02/2020 16 0

         Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен Елбасының тікелей қолдауымен бірнеше жылғы үзілістен соң «Жалын» журналы қайта жарық көрді.

«Жалынның» тұсаукесер саны  еліміздің президенті Н.Назарбаевтың құттықтауымен ашылған. Елбасы журналдың жаңа заманға, тың талғамға лайық, көркемдігі биік туындылар әкелеріне сенім білдірген.

«Жалын», әдеби-көркем журнал болғандықтан қазақ әдебиетінің озық шығармаларын оқырманға жеткізуді мақсат етеді. Осыған лорай «Соны ізденістер» атты айдармен Т.Нұрмағамбетовтың «Құпия кездесулер» және «Ауғандық құстар» атты жаңа шығармашылық тәсілмен жазылған екі әңгімесін жариялаған. Э.Төрехановтың Александр Македонскийдің қазақ жеріне шабуылын әбзелдейтін «Ескендір мен Роксана» атты романы да әсерлі оқылады.

Журнал бұдан былайғы сандарында «Түркі дүниесінің классиктері» айдарымен бауырлас әдебиет тұлғаларын таныстырып, жаңа шығармаларын жариялап отырмақ. Бұл айдармен журналдың тұсаукесер санында заманымыздың аса көрнекті суреткері Ш.Айтматовтың жаңа туындысы, терең философияға құрылған «Мәңгілік келіншек» повесінен үзінді және автормен сұхбат беріліп отыр.

Көп жағдайда,үлкен деңгейге көтерілген, аты-жөні ел құлағында жүретін жазушылардың адами бейнесінен бейхабар күн кешіп жатамыз. «Жалын» осы бір олқылықты ескеріп, бағзы «Қаламгер дидары» атты рубриканың алғашқы кейіпкері-Төлен Әбдіков. Жазушының шығармашылық жолы мен бүгінгі ізденістері жайлы әдебиетші Естай Жеңісұлы көркем кескіндеме жазған.

Журнал өзінің тұсаукесер санында «Ғасыр тарландары» (Нобель сыйлығының лауреаттары), «Жадымызда қалған жайсаңдар» (естеліктер), «Проза», «Поэзия» , «Жалынның құпия пікірханасы», «Тұсаукесер» айдарымен әртүрлі жанрдағы қызықты, танымдық материалдар ұсынған.

«Ерте сөнген жұлдыздар» айдарымен М.Қабанбай туралы С.Сыбанбайдың «Марат мектебі» және тіршілікпен ерте қоштасқан автордың жарияланбаған туындыларына орын берген.

Журнал оқырманды бей-жай қалдырмайтын екі маңызды мәселе көтерген. «Адамзаттан рух қашып барады» деген тақырыппен ойтолғақ жариялаған. Баспасөз бен эфирдегі былапыт, қиратқыш күштерге арналған талқылауға ҚР Парламентінің депутаттары, елімізге танымал әдебиет, ғылым, өнер, білім және басқа салалардың өкілдері қатысқан.

Журнал өзінің әр санында бір күрделі рухани, әлеуметтік проблеманы көтеріп отырмақ. Келесі «Дөңгелек үстел» тақырыбы- «ХХI ғасыр және қазақ мектебі».

Әлеуметтік мәні зор екінші материал-бір заманда Александрия кітапханасынан кейінгі аса бай Отырар кітапханасын қалпына келтіруге арналған пікір-алыс. Мұнда да ел ішіндегі белгілі тұлғалар ой толғайды.

«Жалынның» Ғ.Мүсірепов атындағы бәйге жариялағаны баспасөзден белгілі. Ал, конкурс шарттарын үміткерлер журналдың осы санынан оқып, біле алады.

Журналдың соңғы бетінде Мұхтар Шахановтың жақында ғана дүниеден озған заманымыздың ұлы ақыны Расул Ғамзатовпен соңғы кездесуі жайлы естелігі берілген.

«Жалынның» тұсаукесер саны 7 мың таралыммен жарық көрді.

Журнал тұңғыш санының өзімен-ақ қазіргі рухани өмірімізде дара жүк көтеруге бейім екенін танытты.

СҮЙІНШІ ДАНА

                                               ЖУРНАЛИСТИКА №13- 2003жыл

0 пікір