30 Наурыз 2020

Қазақ сайлаған депутат қазақ тілінде сөйлеуі керек!


09/03/2020 17 0

Мәжіліс депутаттарының сайланғанына да жарты жылға жуықтап қалыпты. Осы уақыт аралығында олар қаншалықты тірлік атқарып, сайлаушыларының көңілінен қаншалықты шығып жатыр? Сонау үміткер кездерінде сайлаушыларддың басына жұмақ орнатып, бар жағдайын жасауға уәде берген депутаттар жылы орынға жайғасып алған соң, сол уәдесінің үдесінен шығып жатыр деп айта аламыз ба? Әй, қайдам?! Сайлаушылардың көңілінен шығарлық іс атқармақ түгілі, Есілдің ар жағындағы кең сарайдың төрінен орын тепкен депутат көкелеріміз тым болмағанда ана тіліміздің мәртебесін көтеруге титімдей бір үлес қоса алмады.

Сәуірдің 8-і күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында бір топ депутаттар «Сайлпу туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талқылау барысында, депутаттыққа үміткер қазақ ұлтының өкілдері сайлау комиссиясына мемлекеттік тілді білуі туралы анықтама ұсынуы тиіс» деген толықтыруды енгізуге ұсыныс тастаған болатын. Алайда, бұл ұсынысқа Сенаттың 10, Мәжілістің 14 депутаты ғана жақтап дауыс берді. Осы ұсыныстың авторы Амангелді Айталы ұсыныс қабылдаған соң, заң жобасы одан әрі талқылаудан бас тартып, залдан шығып кетті. Депутат Айталы өздері ұсынған ереже көптегн елдердің тәжірибесінде бар екенін айтады. Осы мәселеге байланысты Сенат депутаты Бексұлтан Тұтқышев мемлекеттік тілді білуге қатысты анықтаманы сатып алуға болатынын айтып, «тіл мәселесін көтергенде, мұндай әңгімені қою керек», - деген пікір білдірді.

Аталмыш ұсыныс авторларының бірі Мұхтар Шаханов: «Біз бар болғаны» ұлты қазақ азаматтар мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде аймақтық сайлау комиссиясының анықтамасы ұсынуы тиіс» деген бап енгізіп отырмыз. Басқа ұлттардың құқығына қол салып отырған жоқпыз», - дейді. Оның ойынша, бұл Конституцияға, «Тіл туралы» заңға қайшы.

Сонымен, депутаттардың пікірталасын тудырған мемлекеттік тілге қатысты ұсыныс қабылданған жоқ. Сенат депутаты Уәлихн Қайсаровтың мемлекеттік тілді төмен деңгейде білу туралы тест тапсыру жөніндегі ұсыныс да Парламенттегі көпшілік  тарапынан қолдау таппады. Заң жобасы енді Президенттің қарауына жолданады.

Депутат Амангелді Айталының бұл тастап отырған ұсынысы бірінші рет емес. Ол осы ұсынысын 2004 жылдың 15 наурызында да ортаға салған болатын. Ол кезде 96 депутаттың  42-сі жақтап, 45-і қарсы болып, 6 депутат қалыс қалып, үшеуі де дауыс бермей, бұл ұсыныс қабылданбай қалған. Енді сол ұсынысы араға бір жыл саып, тағы қозғалған кезде, жақтайтын депутаттар саны екі есеге кеміп кетіп отыр. Бұл, бір жыл ішінде қазақ тілінің қаншалықты құлдырағанының айқын көрінісі болса керек. Сонда, егер араға жыл салып, осы ұсынысы тағы да талқыланатын болса... Арғы жағы айтпаса да түсінікті шығар.

Ана тілінде сөйлегісі келмейтін депутаттардан  қандай үміт күткендейміз? Туған тілінде сөйлеуден бас тартқан азаматтарды қалайша «халық жанашыры» деп айта аларсың?! Халықтың қамын ойлап, оның жағдайын жасау үшін ең бірінші сол халықтың тілінде сөйлеп, сол халықтың жай-күйін терең білуі керек емес пе?! Өзге ұлт өкілдерінен сайланған депутаттарға осындай талаптар қойылса бір сірә, ұлты қазақ депутаттардың  өз ана тілінде сөйлеуге намыстанып, ат төбеліндей аз ғана тіл жанашырлары ұсынған ұсынысты қабылдамай тастағаны масқара емес пе?! Сонда олар Парламенттің төрінде кімдердің жыртысын жыртып, кімдердің шашбауын көтеріп отыр? Жағдайы болмай қиналған ауыл адамы Астанада отырған өзі сайлаған депутаттан көмек сұрауы үшін, орыс тілін үйрнеуі керек пе? Сайланғанша халықтың басына бар жақсылықты үйіп-төгіп, тегін ұн, тегін киім тарататын үміткерлер неге мандатқа қолы жеткен кезде, кезіндегі өздерінің уәделерін  жұтады? Ана тілінде сөйлеуден бас тартқан депутатты қазаққа жаны ашитын депутат деп айтудың өзі қиын шығар?! Қалай болғанда да, «ҚАЗАҚ сайлаған депутат қазақ тілінде сөйлеуі керек!» деген ойды айтқымыз келеді.Ал, сіз қалай ойлайсыз оқырман?

                                      ГҮЛМИРА ӘШІРБЕКОВА,

                                      «Халық үні»

                                      №15( 49) .14 сәуір 2005 жыл

0 пікір