06 Маусым 2020

Мұхтар Шаханов: Тілсіз, рухсыз толыққанды тәуелсіздік жоқ


07/03/2020 92 0

1989 жылы ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Міне, содан бері 15 жыл өтіпті. Бірақ, материалдық өсуді мақсат тұтқан рухсыз күштердің ғана жұлдызы биіктен жануда. Қазіргі ұлттық, тілдік ахуалымыз мынандай: республикамызда. Шамамен бір жарым, екі миллиондай қазақ, бәлкім, одан да көбірек болуы мүмкін, өз ана тілінде сөйлемейді. Сөйлеген күннің өзінде де әдеттегі амандық-саулықтан, жүрдім-бардым әңгімеден ары аса алмайды. Яғни, өз ұлтымыздың ішінен мүлде жаңа ұлт –« космополит қазақтар» ұлты өсіп шыққаны тарихи шындық. Олардан өрбіген ұрпақ та сол әке-шешесі ұстанған бағытпен кетуі мүмкін. Дәлел ретінде бүгінгі таңда 400 мың қазақ баласының орыс мектептерінде оқып жатқанын айтсақ та жеткілікті.

Жә, бұған дау бар ма, иығыңа артар жүгің көп,

Қазаққа ұқсар түріңнен басқа түгің жоқ.

Қай тілде қайнап,

Қай тілде ойлап,

Қай тілде перзенттік түйсік өрісің

Сол тілдің гүлі, сол тілдің қайраткерісің!

Кеңестік тоталитарлық жүйе тудырған бұл қасіреттен арылудың орнына, егемендік алған соң одан ары шырмала түстік.

Бүгінгі ата-аналар санасында «балаларымызды орыс, ағылшын тілінде оқытайық, қазақ тілінің болашағы жоқ» деген пікір белең алып барады.

Барлық қазақ мектептерінің 86 пайызы тек ауылдық жерлерде орналасқан. Ал, олардың 60,3 пайызы шағын мектептер. Республикамыздың бас қаласы – Астанадағы 49 мектептің 40-ы орыс тілінде. Оның  29-ы аралас мектеп екен. Аралас мектептің тілдік орта болып жарытпайтынын уақыт әлдеқашан дәлелдеді. Анығын айтсақ, бұл қазақ тілін орыс тілінің қанжығасына байлап беру деген сөз.

Қазақстан Үкіметінің 14 министрлігі түгелдей іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізуде. Мемлекеттік тілге көшірілді деген бес облыстың қазіргі іс-қимылы негізінен сөз жүзінде ғана. Екі облыс басшысымен осы мәселе төңірегінде пікір алмастым. Олар тарапынан Президент аппаратына, Үкіметке, министрліктерге жолданатын хаттардың бәрі тек орыс тілінде жазылады екен. Әрине, оған қайтарылар жауап та сол тілде. Өйткені, жоғары билік орындарында ана тілімізде оқып, жаза білетін адамдар саусақпен санарлықтай. Мемлекеттік тілді білмейді. Сондықтан да мемлекеттік орындарындағы қазақ тілін пайдаланудың қазіргі үлес салмағы 4,7 пайызды ғана құрайды екен.

Қазір туған тілдің жайын кім бар шындап ойлаған,

Басшылар аз өз ұлтына тіке тағдыр байлаған.

Көпшілігі қамқорсынып, сөзбен алдап ойнаған,

Іс жүзінде нигилистік пиғылынан таймаған,

Шет ел барған министрлер тек орысша сайраған,

Көз бояуды мақсат тұтқан спектакль айналаң.

1996 жылға дейін республикамызда  1100 қазақ балабақшасы бар еді. Қазір сол  200- дейі ғана қалған. Мыңдаған балабақша қалталы адамдардың игілігіне қызмет етіп, офистерге, арақ-шарап дүкендеріне, мейрамханаларға, қонақүйлерге айналып кеткен. Тек Алматы қаласының өөзінен 64  балабақша осындай мүддемен жекешелендірілген. Қазақ тілінің болашақ тағдыры балабақшадан басталатынын ескермеген Үкіметіміздің облыс, қала, аудан басшыларының кезінде қылмысқа бара-бар іс жасағанын айтуға тиіспіз.

Өткен жылдың 1желтоқсан күні парламентте жасаған «Рухсыз шабуылдар хақында» атты мәлімдемемде де айтқанмын, республика телеарналарында жас қауымды қанқұмарлыққа, мейірімсіздікке, әдепсіздіккке жетелейтін, атысқа, шабысқа құрылған фильмдер легі қаптап барады. Шет елдерде мұндай беттің арын белге түйгендермен күресетін Ар-ождан полициясы (Полиция нравов) бар. Осындай оспадарсыз фильмдер мен хабарлардың көбі орыс тілінде, жұрт көретін мезілде беріледі. Ал, қазақ тіліндегі хабарлар негізінен, түнгі сағат 1-ден ары қарай ысырылған. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңда: «Телерадио хабарларын тарату арналарының меншік нысандарына қарамастан,олар арқылы мемлекеттік тілдегі берілімдердің көлемі уақыты жағынан басқа тілдегі берілімдердің жиындық көлемінен кем болмауы тиіс», - деп көрсетілгенімен уақыт мерзімі айқындалмаған. Заңның осы арадағы әлсіздігін пайдаланған телеарналар қазақ тіліндегі хабарларды түн ортасына қарай сырғытумен келеді. Парламент бұл заңға қайта оралуы керек деп есептеймін.

Мемлекеттік тіліміздің пәрменін арттыра түсуі үшін көшедегі жарнамалар мен мекемелер маңдайшасындағы атаулардың бірінші кезекте қазақ тілінде сауатты жазылуын қатаң қадағалауымыз керек. Әсіресе, еліміздің бас қаласы – Астана көшелеріне ағылшын, орыс тіліндегі жарнамалар көз тұндырады. Елордамыздың өзінен мемлекеттік тіліміздің рухын сезінбесек, сонда тіл үшін болып жатқан айқас, айқайларымыздың құны не болғаны?

2001 жылы қабылданған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс бойынша мемлекеттік тілге көпе-көрінеу қиянат жасап жүрген немесе менсінгісі келмеген министрі, облыс, қала, аудан әкімдерін, шаруашылық, өндіріс басшыларын жауапқа тартуға болады. Яғни, сот арқылы оларға жалақысының 20 пайызы деңгейінде айыппұл сала аламыз. Біздің елімізде күні айлыққа ғана қарап қалған басшы табу мүмкін болмас. Бірақ мәселе сотқа тіркелгенде кез келген шенеуніктің зәресі ұшады. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы тіл жанашырларына осы кодексті басшылыққа алуды ұсынады.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының рух пен тіл намысын ғана қорғайтын, билік пен партиялық ойындарға қосылмайтын таза ұйым болатынына сене беріңіздер. Біз бұл қызметіміз үшін айлық алмаймыз, ешкімнен жылу да сұрамаймыз. Мемлекеттік тіл мен рух орнықты жолға қойылғанша күресімізді тоқтатпаймыз.

Қозғалысымыздың басқарма алқасына Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Төрегелді Шарманов, Тоқтар Әубәкіров, Амангелді Айталы, Герольд Бельгер, Асылы Осман, Смағұл Елубай сынды елімізге танымал көптеген азаматтармен бірге ондаған республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері де кірді. Бірнеше республикалық қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер «Мемлекеттік тіл» қозғалысына ұжымдық мүше болып енуге ниет танытты.

Алдымызда қыруар міндеттер тұр. Ол: біріншіден, республикамыздың барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында қозғалыстың бөлімшелерін құру; екіншіден, Тіл туралы заңдарға өзгеріс енгізу үшін парламентке ұсыныс жасап отыру; үшіншіден, мемлекеттік тіл жөніндегі үкіметтік бағдарламаның жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау орнату.

АДАМ АТА ХАУА АНА

3( 60)  2005 жыл

0 пікір