10 Шілде 2020

Мұхтар ШАХАНОВ: Бір тәулікте бес тойға баратын әншілер немесе МУЗЫКАЛЫҚ ҚИРАТҚЫШ КҮШТЕРДІҢ ШАТТЫҒЫ МЕН ЗОРЛЫҒЫ


18/01/2020 76 0

Бір тәулікте бес тойға баратын әншілер немесе

МУЗЫКАЛЫҚ ҚИРАТҚЫШ КҮШТЕРДІҢ ШАТТЫҒЫ МЕН ЗОРЛЫҒЫ

- Бір дәуірге ең қажетті адамдар кім?

- Әншілер

Сазгерлер де солар болды, тасада қап Шәмшілер.

Үшінші сынып талғамы көлемінде,

Өзі жазып әнінің өлеңін де,

Оны өзі айтар жалынсызға қайда қарсы қамшыгер?

Сырттай Ақан – сері дерсің,

Сәл тыңдасаң зерігерсің....

Телеарнада, радида зор батылдық білдіріп,

Ертелі – кеш ыңырсиды,

Ерке әншідей қылымсиды,

Сазды үні жоқ, мазмұны жоқ талай бидай –былдырық,

Әуенінің табиғилық бет – болмысын сындырып.

Мәнсіз әндер қайталанар таңертең де, кеште де.

Ақша берсең жетіп жатыр,

Мүгедек ән өтіп жатыр,

Қазір бізде қалмаған ғой сатылмаған ештеңе?!

 

Той өнері мың орады байтақ елді, Отанды,

Бір кездегі ойшыл қазақ – тойшыл қазақ атанды.

Той өткізер жас келіні екіқабат болса да,

Мектептегі немересі бестік баға алса да.

Дәулетіне құт шақырар,

Мыңнан астам жұрт шақырар,

Кей байлардың Бірге,Үшке, Онға толса ұл - қызы,

Бір серпіліп қалар сонда қаншама өнер жұлдызы.

Енді бір бай жаңалық қып байламын,

Баласының мұрт пен сақал қойғанын,

Елдік, ұлттық мерекедей даңғырлата тойлапты...

Нақ осындай той - томалақ қаптап кетті аймақты.

 

Той иесін көтеретін абыройлы белеске,

Сол тойлардың бәріне де әншә керек емес пе?

Кім айтады деп оларға: «Пенелікке дес қойма!»

Әншілер бар қатысатын бір тәулікте бес тойға.

Жалғыз қарын мүддесін тәптіштейтін,

Басынан да тамағы қатты істейтін,

Ондайлардан шықпаса да рухани мәншілер,

Өнердегі ең бай адам, бұл заманда - әншілер

Байлық қуған көп әншіден (пайымыңа қарай ма?)

Төмен тұрған сияқтанар Әуезов те, Абай да.

Кей тойларда ерні ғана жыбырлайды демесең,

Ұлт мұңына жақын барған,

Біз секілді ақындардан,

Олар жұртқа құрметтірек һәм бақуат он есе.

Амал қанша, жеңіл әнді рухсыз байлық жебесе.

 

Әрбір тойдан жинар бес мың, кейде он мың доллардан,

Бұлбұл көмей алғырлардың ісін Алла оңғарған.

Әншілер бар күнделікті пенделігін заң қылған,

Қала, аудан, ауыл кезіп, тойдан – тойға қаңғырған.

Сол ісімен бір басына бірнеше үй қондырған.

Ал бір әнші (шеберлік бұл не деген?),

Сұлулығы көрінетін қарағанда төбеден,

Өзі тартар домбыраға құсатып үй салдырған.

Әнші даңқы біздің елде міне, қалай жаңғырған?!

 

-Ұлы әміршім, жеңіс жеңіс болар ма екен жеңгенге,

Егер біздер бағындырған жаумызды аясақ?!

Шығыстағы жаулап алған елдерге,

Қолданамыз қандай дара саясат?-

деп Гитлерден сұрағанда,

Ойдан мазмұн құрай кеп,

Оған Гитлер жауап берген былай деп:

- Ол халыққа күндіз - түні тек музыка берілсін,

Жан тынысы жеңіл ырғақ, жеңіл әнмен өрілсін.

Ойлануға және кітап оқуға,

Ойдағысын санасына тоқуға

Жол бермеудің мүмкіндігі жан - жақты қарастырылсын,

Бар қимылы пайымсыздықпен таластырылсын.

Бейқамдыққа бөгелмей өтуі үшін,

Жан байлығын тым саяз ету үшін

Алаөкпе жеңіл әуендермен тағдыры жанастырылсын.

Рухани саяз адам әрқашанда бағынғыш,

Бастық берер бұйрықтардың аясынан табылғыш.

Біздерге тек рухани саяз күштер қолайлы,

Тапсырманы екі етпейтін мінезімен арайлы.

Рухани саяз адам –

Өзін ылғи бақытты адам санайды!

Міне, қызық Гитлердің осы арман - талғамы,

Үлкен жеңіс иеленіп,күллі әлемді шарлады.

Және оның іргелі ойын жүк боларлық ғасырға,

Грецияда, Пелопоннес аралының қасында,

Қанша ғалым зерттегенде, яғни сынап көргенде,

Музыкалық қиратқыш күш алға шыққан сол жерде.

Әр ырғағы рухсыздыққа, ойсыздыққа тәуелді

Дабырлата қойған кезде кілең жеңіл әуенді,

Дельфин біткен шалқып билеп, бар күшімен секіріп,

Табиғи өз қозғалысын санасынан кетіріп,

Жүзден астам дельфин мәңгі босанғандай шідерден,

Өзін тастақ жағалауға лақтырып жіберген....

 

О, қаншама қанатты ойлар байланады қалайша,

Зор қиратқыш дара күшке айналады қалайша,

Даңғыр әуен өрекпісе сан дыбыстан құралған,

Адам түгіл дельфинді де ол арнасынан шығарған.

 

«РУХАНИ САЯЗ АДАМ ӘРҚАШАНДА БАҒЫНҒЫШ,

БАСТЫҚ БЕРЕР  БҰЙРЫҚТАРДЫҢ АЯСЫНАН ТАБЫЛҒЫШ...

РУХАНИ САЯЗ АДАМ -

ӨЗІН ЫЛҒИ БАҚЫТТЫ АДАМ САНАЙДЫ» -

Деген Гитлер сөзі қазір көп елдерге қолайлы.

 

Рух парқы да, дебиет секілденіп керексіз,

Желөкпе даңқ бой көтерді мағынасыз, желексіз.

Бұл кезеңде көп дарынды басқарғанмен қарыны,

Өзгеше бір сенім тапты қиратқыш күш арыны.

Күллі әлемді билеп алды жеңіл әуен сарыны.....

..................................................................................

Мұның дара қасіретін тым алыстан іздеме,

Әсіре күш парқын қолдау қанат жайды бізде де......

0 пікір